Инвестициялық саясатты жаңарту – ел дамуының стратегиялық бағыты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің алдағы дамуындағы басты басымдықтардың бірі ретінде инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталды.

– Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін бәсекелестік күрт күшейіп келеді. Біз бұл сын-қатерге дайын болуымыз керек. Жаңа инвестициялық кезеңді бастайтын уақыт жетті. Қазіргі инвестиция тарту саясатының тиімділігі жоғары деп айта алмаймыз. Қаржының басым бөлігі шикізат секторына бағытталуда. Бұл жаман емес, мұндай инвестициялар бізге қажет-ақ. Алайда алдағы уақытта экономиканың басқа да салаларын дамытуға басымдық берген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде, жаһандық экономикада капитал үшін күрес үдей түскен қазіргі кезеңде Қазақстан да бұл үрдіске бейімделіп, инвестициялық саясатты түбегейлі жаңартуға тиіс. Осы уақытқа дейін тартылған шетелдік инвестициялардың едәуір бөлігі мұнай-газ, металлургия және басқа да шикізаттық бағыттарға жұмсалды. Бұл салалар ел экономикасының тірегі болғанымен, олар болашақ дамудың жалғыз жолы бола алмайды.

Сондықтан Қазақстан үшін ендігі кезекте жаңа экономиканың қозғаушы күштеріне – өндіріс, инновация, жоғары технологиялар, цифрландыру және жасыл энергетика сияқты салаларға инвестиция тарту аса маңызды. Бұл бағыттар еліміздің ұзақ мерзімді, орнықты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторға айналуы тиіс.

Инвестициялық саясатты әртараптандыру – стратегиялық міндет. Яғни, біз тек шикізатқа тәуелді болмай, қайта өңдеу өнеркәсібін, ғылымды қажет ететін өндірісті, экспортқа бағытталған заманауи жобаларды дамытуымыз қажет. Бұл еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін ендігі маңызды қадам — инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру, бюрократиялық кедергілерді азайту, заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және өңірлік деңгейде де инвестициялық ахуалды жақсарту. Президент атап өткендей, бұл — тек орталық органдардың емес, жергілікті атқарушы биліктің де тікелей жауапкершілігі.

Инвестициялық жобаларды нақты іске асыру арқылы ғана еліміздің экономикасын әртараптандыруға, индустрияландыруға және технологиялық жаңғыруға қол жеткіземіз. Бұл Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімі мен болашақ ұрпақ үшін жарқын келешекке жол ашады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*