ИННОВАЦИЯ МЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ШЫМКЕНТТЕ КАРДИОХИРУРГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕС ӨТТІ

Шымкент қаласында «Шымкент жүрек орталығының» 25 жылдығына арналған «Инновациялар, технологиялар және әлемдік тәжірибе: кардиохирургияның болашағы біздің қолымызда» атты халықаралық кардиохирургтар конгресі өтті. Ауқымды шараға Қазақстаннан бөлек, ТМД елдері мен алыс шетелден келген жетекші кардиохирургтар, ғалымдар, медицина саласының сарапшылары қатысты.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жүрек орталығының 25 жылдық жемісті жолына тоқталып, ұжымның кәсіби еңбегіне жоғары баға берді.

– Әкімдік әрдайым медицина саласындағы игі бастамаларды қолдап келеді. Инфрақұрылымды дамыту, медициналық мекемелерді заманауи құралдармен жабдықтау, дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасау – басты назарда. «Шымкент жүрек орталығының» жетістіктері – бүкіл елдің мақтанышы. Бұл орталық өмірді сақтап, үміт сыйлайтын мекенге айналды, – деді қала басшысы.

Конгресс аясында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Шымкент жүрек орталығы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат медициналық ғылым мен тәжірибені интеграциялау жолындағы маңызды қадам болып саналады.

Меморандум аясында, елімізде алғаш рет орталық базасында «Кардиологиялық перспективалық зерттеулер» ғылыми орталығы ашылды. Жаңа құрылымның бастамашысы – әлемге танымал кардиохирург, академик Юрий Пя. Орталықтың мақсаты – жүрек-қантамыр ауруларын емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ендіру арқылы тиімді алдын алу шараларын іске асыру.

Жаңа орталық медицина, урбанистика, экология, психология және ІТ технологияларын бір арнаға тоғыстыратын пәнаралық ғылыми тәсілге негізделмек. Ғалымдар жүрек ауруларын тек емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алуға бағытталған ғылыми-тәжірибелік шешімдерді ұсынуды көздейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында:

«Ұлт денсаулығы – тұрақты дамудың негізі. Біз тек ауруды емдеп қана қоймай, ғылымға, технологияға және саларалық ынтымақтастыққа сүйене отырып, оны алдын алуымыз қажет», – деп атап өткен болатын. Бұл ұстаным конгресс жұмысында толық көрініс тапты.

Конгресс шеңберінде кардиохирургиядағы соңғы жаңалықтар – аз инвазивті және роботтандырылған операциялар, 3D модельдеу, навигациялық жүйелерді қолдану, жасанды интеллект негізіндегі диагностикалау бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, жас мамандарды қолдау, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, тәжірибе алмасу мәселелері қозғалды.

Шараның басты қонақтары мен спикерлері қатарында:

  • ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев

  • Академик, кардиохирургия саласының көшбасшысы Юрий Пя

  • Денсаулық сақтау саласының сарапшысы, бұрынғы министр Елжан Біртанов

  • «Шымкент жүрек орталығының» басқарма төрағасы Дархан Сүйгенбаев болды.

Шымкент қаласында өткен халықаралық кардиохирургтар конгресі – медицина ғылымын дамыту, өңірдің ғылыми әлеуетін арттыру және халыққа көрсетілетін кардиологиялық қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шара ретінде тарихта қалатыны анық.

Конгресс нәтижесі – тек ғылыми ынтымақтастық емес, еліміздегі медицина саласын жаңа сапалық деңгейге көтеруге жасалған нақты қадам.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*