ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАСТАРДЫ ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ПЕН ПАТРИОТИЗМ РУХЫНДА ТӘРБИЕЛЕУГЕ БАСТАЙДЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты. Сапар барысында ол қаладағы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бастамалармен, жастар ұйымдарының қызметімен танысып, еліміздің рухани-мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған жобалармен жақын танысты.

Марат Әзілханов алдымен жаңғыртудан өткен Достық үйінің жанындағы этномұражайда болды. Мұнда Қазақстанның көпұлтты халқының тарихынан сыр шертетін түрлі жәдігерлер қойылған. Этнос өкілдерінің қолдауымен жиналған құнды мұралар – қазақ даласындағы бейбітшілік пен татулықтың нақты көрінісі. Музей экспозициясын аралау барысында Марат Алмасұлы ұлттық мәдени мұраның жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта Ассамблея құрылымдары мен жергілікті қауымдастықтар өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.

Одан кейінгі кездесу Комьюнити орталығында өтті. Мұнда «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық өкілдігінің мүшелерімен ашық форматта кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев Шымкент қаласындағы ұйымның жұмысына тоқталып, жастардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымын жоғары бағалады. Ол тамыз айында қала әкімдігінің қолдауымен өткен «Біз біргеміз» жастар лагерінің табысты өткені жайлы айтып, лагерь шеңберінде ұйымдастырылған тренингтер, пікірталастар мен шығармашылық кездесулер жастардың тұлғалық дамуына оң әсер еткенін жеткізді. Сондай-ақ, жақында ашылған комьюнити орталықтың қалалық өкілдік жұмысына тың серпін беріп, жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Жастар қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілді насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және жаңа көшбасшыларды тәрбиелеу секілді маңызды бағыттар бойынша өз ойларын ортаға салды. Марат Әзілханов өз сөзінде жастардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, Ассамблея аясында жүзеге асып жатқан «Жаңа толқын» жобасы мен «Таза Қазақстан» акциясына жастардың белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті. Бұл жобалар жас ұрпақтың экологиялық санасын арттырумен қатар, оларды қоғамдық пайдалы істерге жұмылдырады.

Сонымен қатар, Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына орай түрлі форматтағы іс-шаралардың ұйымдастырылып жатқаны туралы айтылып, олардың барлығы ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті бекемдеуге бағытталғаны баса айтылды.

— «Ассамблея жастары» – жалпыұлттық бірегейлікті дәріптейтін маңызды платформа. Бұл ұйым жастарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік идеялары төңірегіне біріктіріп, олардың азаматтық белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқарады. Біз әрдайым жастармен бірлесе жұмыс істеуге, олардың бастамаларына бағыт-бағдар беруге дайынбыз, – деді Марат Алмасұлы.

Кездесу соңында ҚХА Төрағасының орынбасары белсенді жастарға Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттарын табыс етті. Олардың қатарында Нұрболат Мейірбеков, Муроджан Ирисметов, Шахнозабону Жаналиева, Асия Манапова және Ибрахим Висханов сынды азаматтар бар. Бұл жастар қалалық өкілдіктің жұмысына белсенді араласып, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып келеді.

Өз кезегінде ұйым мүшесі Акрам Ирисметов қазақтың қасиетті домбырасымен ән шырқап, жиналған жұрттың қошеметіне бөленді. Бұл өнер көрсетілім жастардың ұлттық мәдениетке деген құрметінің, әрі оның ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасуының айқын белгісі болды.

Жалпы, бұл сапар – Қазақстан халқы Ассамблеясының жастармен жүргізіп жатқан жүйелі жұмысының бір көрінісі. Елдің болашағы саналатын жастармен тығыз байланыс орнату – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің ең басты тетіктерінің бірі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*