Шымкент қаласында Республика күні мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде өтті. Екі күнге созылған зияткерлік дода еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың білімін, шешендік қабілетін және азаматтық белсенділігін айқындады.
Турнирге Қазақстанның барлық аймағынан келген 120-дан астам команда қатысып, екі лига бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылады. Пікір мен дәлел, шешендік пен сыни ой жарысында үздік шыққан командалар финалдық кезеңге жолдама алып, өзара тартысты ойын көрсетті.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұманның айтуынша, турнирдің маңызы – тек жарыс өткізу емес, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру.
— Бүгінгі турнир Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған ерекше іс-шара болды. Бұл дода елдің азаматтық белсенді жастарының қоғам игілігі жолындағы еңбегінің көрінісі. Осындай республикалық деңгейдегі пікірсайыстар жастардың сыни ойлауын, шешендік қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлкен серпін береді, — деді ол.
Финалда Алматы қаласы мен Түркістан облысының үздік пікірсайысшылары өзара тартысты ойын көрсетті. Пікірсайысшы Ақдәулет Сейсенбаевтың айтуынша, турнир барысында қозғалған тақырыптар қоғам үшін өзекті болған.
— Әр өңірдің өз ерекшелігі мен көзқарасы айқын көрінді. Әсіресе білім көші-қоны және білім жүйесін дамыту мәселесі ең күрделі тақырыптардың бірі болды. Біз Шымкент қаласындағы білім мигранттарының әлеуетін арттыру жолдарын талқыладық. Егер жергілікті әкімдік пен жоғары оқу орындары бірігіп, жастарға нақты мүмкіндік ұсынса, қаланың білім орталығы ретіндегі мәртебесі арта түсер еді, — деді ол.
Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі Ағабек Бақтиярұлы турнирдің жастар үшін рухани және интеллектуалды тәжірибе алаңы болғанын атап өтті.
— Бұл жарыс тек пікір мен дәлелдің сайысы емес, өзара үйренудің, ой бөлісудің және рухани толысудың мүмкіндігі болды. Мұнда әр қатысушы өзін дамытуға, өз өңірінің намысын қорғауға тырысты, — дейді ол.
Екі күнге созылған пікірсайыс турнирі жастардың білімге, ой еркіндігіне және қоғам өміріне белсенді араласуға деген ұмтылысын көрсетті. Шымкент қаласында өткен бұл дода жас пікірсайысшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, олардың ұлттық сана мен заманауи көзқарасты ұштастыруына жол ашты.
Сайыс қорытындысында жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталып, үздік командаларға арнайы сыйлықтар табысталды. Турнир қатысушылары бұл шараның еліміздің болашағы саналатын жастардың интеллектуалды дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.
Пікір қалдыру