ШЫМКЕНТ: ТҰРАН АУДАНЫНДА 1229 КӨШЕ 100 ПАЙЫЗ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Тұран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асылжан Дәулетханұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді.

Қаланың ірі аудандарының бірі саналатын Тұран ауданы қарқынды дамып келеді. Аумағы 36 300 гектарды құрайтын ауданда 21 шағын аудан, 39 357 жеке тұрғын үй мен 548 көпқабатты үй орналасқан. Мұнда 232,7 мыңға жуық тұрғын тұрады. Аудан аумағында 1 229 көше және 293 әлеуметтік нысан бар.

Бүгінде аудан халқын базалық инфрақұрылыммен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі таңда барлық 21 шағын аудан 100 пайыз ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,7 пайызға жетіп, 18 шағын аудан газға қосылған. Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағын аудандарында газ желісінің құрылысы биыл аяқталып, 2026 жылы магистралды көшелерге қосу жоспарланған. Ал 2027 жылы аудан толықтай табиғи газбен қамтылады.

Кәріз жүйесіне келсек, 13 шағын аудан немесе 60,8 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қалған аумақтарда бұл мәселе 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі. Атап айтқанда, Қазыбек би көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы жоспарланған.

Жол инфрақұрылымы да айтарлықтай жақсарған. Аудан көшелерінің жалпы ұзындығы 570,4 шақырымды құрайды. 2025 жылы 251 көшеге асфальт төселіп, нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 100 пайызға жетті. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024–2025 жылдары 65-тен астам көшеде 41,4 шақырым аяқ жол салынды. 2025 жылы 35 көшеде 17 шақырым ирригация жүйесі орнатылды.

Көшелерді жарықтандыру мәселесі де толық шешімін тапты. 2023 жылы жарықтандыру деңгейі 35 пайыз болса, 2025 жылы барлық 1 229 көше жарықпен қамтылып, көрсеткіш 100 пайызға жетті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*