ТҮРКІСТАНДА БЮДЖЕТ ТӘРТІБІ КҮШЕЙТІЛЕДІ: САЛЫҚТЫ ӨЗГЕ ӨҢІРГЕ ТӨЛЕУГЕ ЖОЛ ЖОҚ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы төрағалық еткен кезекті аппараттық мәжілісте қалалық бюджеттің кіріс бөлігін арттыру, салық түсімдерін көбейту және қаржының тиімді игерілуі басты назарға алынды. Жиында нақты көрсеткіштер мен жауапкершілік мәселесі ашық көтерілді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шакен Жаңбырбаев баяндама жасап, жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, салық базасын кеңейту, берешекті азайту және көлеңкелі айналымды қысқарту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.

Алайда мәжіліс барысында қала әкімі тарапынан бірқатар өзекті мәселе қатаң сынға алынды. Атап айтқанда, өзге өңірлерде тіркелген, бірақ Түркістан қаласының бюджеті есебінен қаржыландырылатын мердігер ұйымдардың қала аумағында тіркелмеуі – жол берілмейтін жағдай екені атап өтілді. Бұл тәжірибе жергілікті бюджет кірісінің төмендеуіне тікелей әсер ететіні айтылды.

Екінші мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Булегенов бюджеттің игерілу барысы туралы есеп берді. Қала басшысы игерілмеген қаржы көлеміне ерекше назар аударып, әр апта сайын «қызыл аймақтағы» бөлімдердің тізбесін әзірлеп, оларды тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Бұл – қаржының уақытылы әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.

 Әзімбек Пазылбекұлы ірі кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары Түркістанда табыс тауып отырып, салықты өзге өңірлерге төлеуі әділетсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін қадап айтты. Осыған байланысты барлық бөлім басшыларына әрбір мердігермен және кәсіпорынмен жеке жұмыс жүргізу, оларды қала аумағында тіркеу, салық базасын кеңейту және бюджет кірістерін ұлғайту бойынша жүйелі шаралар қабылдау міндеттелді.

Аппараттық мәжілісте көтерілген мәселелер Түркістан қаласында қаржылық тәртіпті күшейтуге және жергілікті бюджеттің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған нақты басқарушылық шешімдердің қабылданғанын көрсетті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*