2026 жылдан бастап Қазақстанда мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау тәсілі түбегейлі өзгереді. Бұған дейін кеңінен қолданылған субсидиялау механизмі кезең-кезеңімен қысқартылып, оның орнына 5 пайыздық жеңілдетілген несие мен лизинг тетігі енгізіледі. Бұл бастама ауыл кәсіпкерлерін тікелей әрі тұрақты қаржыландыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, фермерлер енді көктемгі егіс және дала жұмыстарына, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, сондай-ақ мал сатып алу мен бордақылауға төмен пайызбен несие ала алады. Жаңа қаржыландыру құралы шаруаларға субсидия бөлінуін күтпей-ақ, нақты өндірістік жоспарларын жедел іске асыруға мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген несие мөлшерлемесі – 5%. Сонымен қатар ірі инвестициялық жобалар бойынша несие пайыздарының белгілі бір бөлігін мемлекет субсидиялауды жалғастырады. Бұл агробизнеске ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржы көзін қамтамасыз етпек.
Жаңа модельдің басты артықшылығы – қаржылық қолдаудың ашықтығы мен тиімділігі. Сарапшылардың пікірінше, субсидияға тәуелділікті азайту ауыл шаруашылығында нарықтық тетіктерді күшейтіп, жобалардың экономикалық қайтарымын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге бұл жүйе асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнім өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған.
Ауыл кәсіпкерлері үшін тағы бір маңызды фактор – қаржыға қолжетімділіктің кеңеюі. Бұрын субсидия алу үшін ұзақ рәсімдерден өту қажет болса, енді жеңілдетілген несие тетігі арқылы нақты жобаларды тезірек іске асыруға жол ашылады. Бұл әсіресе шағын және орта шаруашылықтар үшін өзекті.
Алдын ала жоспар бойынша, 2026 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға шамамен 119,3 млрд теңге қарастыру көзделген. Бұл қаражат жаңа қаржыландыру құралдары арқылы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Жалпы алғанда, енгізілетін өзгерістер аграрлық секторды жаңғыртуға, өндіріс көлемін арттыруға және ауыл экономикасының тиімділігін күшейтуге серпін бермек.
Пікір қалдыру