ШЫМКЕНТТЕ ЖЕР ТӘРТІБІ МЕН БАСПАНА КЕЗЕГІ РЕТТЕЛУДЕ: 92 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТТЫҢ ДЕРЕГІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Шымкент қаласында жер қатынастары мен тұрғын үй саласын жүйелеу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының Жер қатынастары басқармасы және Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы қала аумағындағы барлық жер учаскелеріне қатысты нақтылау және есепке алу жұмыстарын жүргізуде.

Аталған шараның мақсаты – жер кадастры деректерін жаңарту, жер телімдерінің заңды пайдаланылуын тексеру және есептік мәліметтерді ретке келтіру. Қазіргі таңда мамандар әрбір учаскенің құқықтық мәртебесін айқындап, деректер базасын сәйкестендіруде. Сонымен бірге жұмыс барысында жер кадастры қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіру фактілері тіркелген. Осыған байланысты жауапты мекемелер қала тұрғындарын түсіністік танытып, мамандардың жұмысына бөгет жасамауға шақырады.

Тұрғын үй саласында да жүйелі жаңғырту шаралары қолға алынған. Отбасы банк АҚ мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 92 771 азамат тіркелген. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап жергілікті атқарушы органдардағы кезек базасы Банкке өткізіліп, тұрғын үйді есепке алу және бөлу процесі орталықтандырылған тәртіпте жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда жалдамалы тұрғын үйді бөлу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған 1 529 азаматты жалдамалы пәтермен қамту жоспарланған. Бүгінде 425 азаматпен жалдау шарты рәсімделген. Олардың қатарында толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және жетім балалар бар.

Сонымен қатар Банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың деректерін нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Бұл мәліметтерді түзетуге, қайталануларды жоюға және шын мәнінде баспанаға мұқтаж азаматтарды анықтауға бағытталған. Азаматтар жеке деректерін өңдеуге келісім беру арқылы бұл процеске қатыса алады. Тексеру тәртібі туралы толық ақпарат ресми otbasybank.kz порталында жарияланған.

Жүргізіліп жатқан шаралар жер және тұрғын үй саласындағы ашықтықты арттыруға, заңдылықты қамтамасыз етуге және әлеуметтік әділдікті нығайтуға бағытталған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*