Шымкент қаласында спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Жыл басынан бері жоғары жетістіктермен қатар, спортшыларды даярлау ісі де қарқынды түрде жүзеге асуда.
Қазіргі таңда 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 56 спорт шеберіне үміткер спортшы дайындалды. Бұл – қаладағы спорттық резервтің тұрақты түрде қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына енген шымкенттік спортшылар саны 1240-қа жетті. Оның ішінде 447-сі ересектер, 447-сі жастар және 346-сы жасөспірімдер. Бұл көрсеткіштер қалада спорттың бұқаралық және кәсіби деңгейде қатар дамып жатқанын айғақтайды.
Алдағы ірі жарыстарға дайындық та назардан тыс қалған емес. 2026 жылдың қыркүйек айында Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шымкенттік спортшылар ұлттық құрама сапында 8 спорт түрі бойынша қатысуға дайындалуда. Олардың қатарында асық ату, қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлері бар.
Сондай-ақ, Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына дайындық жұмыстары қарқынды. Бұл додаға Шымкенттен 90-ға жуық спортшы 24 спорт түрі бойынша қатысады деп жоспарланған.
Айта кету керек, бұған дейінгі халықаралық жарыстарда да шымкенттік спортшылар ел қоржынына қомақты үлес қосып келеді. Мәселен, 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қала спортшылары бірнеше алтын, күміс және қола медаль жеңіп алған болатын.
Жалпы, Шымкент қаласында спортты дамыту тек жарыс нәтижелерімен шектелмей, жүйелі дайындық, кадрлық өсім және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті спортшыларды қалыптастыру арқылы жүзеге асырылуда.
Пікір қалдыру