ЖЕТІСАЙДА НАУРЫЗ ДУМАНЫ: ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР МЕН БЕРЕКЕНІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Жетісай ауданы көлемінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Көктемнің жаңаруын, татулық пен бірлікті дәріптейтін бұл мереке аудан тұрғындары үшін көтеріңкі көңіл-күй мен шаттыққа толы күнге айналды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Мамытов бастаған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және аудан тұрғындары кеңінен қатысты. Мерекелік алаң ұлттық нақышта безендіріліп, қонақтарға қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрі кеңінен насихатталды.

Іс-шара барысында тұрғындар ұлттық ойындардан бақ сынап, дәстүрлі алтыбақан теуіп, асық ойыны арқылы мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Ат үстіндегі жігіттер ептілік пен күш сынасып, ұлттық спорттың көркін қыздырса, мергендер садақ ату бойынша өзара мықтыны анықтады. Бұл көріністер көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты.

Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, футбол және волейболдан аудан біріншіліктері өтті. Жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосты. Бұл жарыстар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың белсенділігін айқындай түсті.

Мерекелік бағдарламаның ажырамас бөлігіне айналған концерттік кеште аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсем әуен мен ұлттық өнер көріністері Наурыз мейрамының мазмұнын тереңдете түсті.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Серік Мамытов мерекенің мәні мен маңызына тоқталып, жылы лебізін білдірді.
«Бұл – кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мейрамы. Бұл күні біз өткен жылға есеп беріп, болашаққа жоспар құрамыз. Наурыз – ұлтына және діни сеніміне қарамастан, Қазақстанды мекендейтін барлық этностардың ортақ мейрамына айналды. Баршаңызға амандық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін», – деді ол.

Жалпы, Жетісай ауданында өткен Наурыз мерекесі ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, тұрғындардың бірлігін бекемдеп, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған тағылымды шара болды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*