ОҚО әкімі импортты алмастырып отырған қозықұйрық фермасының жұмысымен танысты

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Сайрам ауданындағы қозықұйрық өндіретін «АгроГреен» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Жылына 200 тонна қозықұйрық өндіруге қауқарлы кәсіпорын жылыжай түрінде жасақталған. Мұндағы құрал-жабдықтар Польша мен Голландия елдерінен сатып алынған. Осы жылы іске қосылған кәсіпорында 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.Облыста қозықұйрық өсіруде ең алғашқы ір жоба болып табылатын ферманың жұмысымен танысқан аймақ басшысы кәсіпкердің жұмысына ризашылығын білдірді.

«Бүгінгі күнге аталған өнім түрі шетелден (Польшадан) Қазақстанға жылына 280 тонна көлемінде импортталуда. «Agro Greens» ЖШС-і толық қуаттылықта жұмысқа қосылған жағдайда еліміздің ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп, артылған өнімін шетелге экспорттауға мүмкіншілігі бар. Бүгінгі таңда жобаны толық қуаттылыққа шығару үшін айналым қаражатқа 30 млн.теңге көлемінде «Оңтүстік» АИО арқылы несиелік қаржы бөлініп отыр»,-деді әкім. Бұдан бөлек, Ж.Түймебаев аталған жоба отандық «Ноу-хау»  сауда-саттық тауары бола алатын және бәсекелі болу үшін пайдалануға болатын ерекше технологиямен жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.

Серіктестік өсірген өнімін Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларына өткізуде. Кәсіпорын басшысы Феруза Каримовның айтуынша, жобаға бас-аяғы 572 млн 500 мың теңге жұмсалыпты. Қозықұйрықтың А15 сортын өсіріп шығаратын ферма тұқымды Голландия елінен әкеледі. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни, шаруалар жылына 4 рет өнім егіп ала алады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*