Ахметов, Айтаханов таққан кінәмен келіспейді

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен бюджеттік тәртіпті күшейту, оның атқарылуын жүйелеу және бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жиын өткен болатын.


Сол жиында қала басшысы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерін сынға алып, орындаушылық тәртіптің өте төмен, сын көтермес деңгейде қалғандығын ашып айтқан. Сала басқармаларында бюджеттік тәртіп талаптарының орындалмауы салдарынан бірқатар жобалардың іске асырылу мерзімі кейінге шегерілмек екен.

Мәселен, биылғы жылға арналған бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 6458,2 млн. теңгесі ақтауға келмейтін себептермен қысқартуға ұсынылған. Оның ішінде 5052 млн. теңге көлеміндегі қаражат бюджет әкімшісі болып табылатын басқармалар тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінен шектен тыс кеш өткізуі салдарынан қысқартылған.
«Бұған себеп, басқарма басшыларының өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы, қаржылық жоспарлауды талапқа сай жүргізбеуі, қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығы салдарынан» -деп біледі әкім.

Нақтырақ айтар болсақ, кері қайтуы тиіс республикалық қаражат есебінде Шымкент қаласының білім саласы бойынша 2410,1 млн. теңге қысқартуға ұсынылған. Оның да басты себебі – мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімінен кеш өтуі. Салалық басқарманың салғырттығынан қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, «Асар-2» шағынауданының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептен қағылып, бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімдері кейінге шегерілетін болды.
Осыған орай, қала әкімі Ерлан Айтаханов жыл қорытындысында бюджет саласындағы кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара көрілетіндігін ескерткен.
Сол себепті, мектеп құрылысының тапсырыс берушісі болып саналатын Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовке сауал жолдаған болатынбыз.


«Асар-2 шағын ауданындағы мектеп бойынша, бүгінгі таңда мердігер мекеме анықталған. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Нысан 2020 жылға өтпелі. Біз оған биылдыққа игере алады-ау деген 2 айдың соммасын қалдырдықта, қалғанын қысқартуға ұсыныс бердік. Қысқартудың бәрі обьективті себептер. Бұл жерде басқарма тарапынан немесе мердігер тарапынан істелмеген жұмыстардың қаржысын қысқартып отырған жоқпыз. Бұл біздің мекеменің жұмыс істемей жатқанынан игерілмеген қаржы емес. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу конкурсы кеш анықталған. Мәселен, 23 мектептің конкурсы 3 рет жарияланған. Екі мердігердің бір-біріне арыздануы, сот процестері, сондай мәселелерден созылып жатыр. Егерде конкурс тез аяқталып, мердігер бізбен келісім шартқа қол қойып жатса, жұмыстың қарқынына біз жауапты болар едік. Егер мердігер анықталмаған болса, бізбен келісім шартқа отырмаған болса, екі мердігер арасында сот болатын болса, оған біз жауапты емеспіз ғой»- дейді Ербол Ахметов.
Яғни, Ахметовтың сөзіне сүйенер болсақ, қаржының уақытында игерілмей қысқартылуына Айтаханов айтқандай салаға жауапты орынбасар мен басқарма емес, мердігер мекеме кінәлі екен. Сонда дейміз-ау, қала басшысы орынбасарлары мен басқармаларға нақақтан-нақақ кінә таққан болып тұр ғой.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*