Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қосымша оқу корпустарының құрылысын аралады. Ең алдымен, Сайрам тұрғын алабындағы № 12 спорт мектебінің қосымша корпусымен танысты. Нысан 2 ауысымда жұмыс істейді. Әр ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады.
Жобаға сәйкес ғимараттың жертөлесінде пауерлифтинг, ауыр атлетика оқу-жаттығу залдары, киім ауыстыру, жуынатын орын, бапкерлер мен төрешілер бөлмелері қарастырылған. Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, киім бөлмесі, 18 орындық асхана, 210 орындық әмбебап спортзал, медпункт болады. Ал екінші қабатында демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон оқу-жаттығу залдары орналасады. Қазіргі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 72% орындалған. Құрылыс келесі жылға өтпелі.
Сондай-ақ қала басшысы аталған тұрғын алаптағы № 10 колледждегі құрылыс жұмысын бақылады. Мұнда 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Корпуста 200 орындық асхана мен АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі.
Қала әкімі жауаптыларға ғимараттар құрылысын жобаға сай жүргізіп, нысандарды өндірістік кестеге сәйкес қолданысқа беруді тапсырды.
Спорт мектебінде 6-18 жас аралығындағы жастарды спорттың 8 түрінен спортқа баулиды. Атап айтқанда волейбол, бокс, дзюдо, еркін күрес, үстел теннисі, баскетбол, таеквондо, пауэрлифтинг. Бүгінде мұнда 746 спортшы шұғылдануда.
Қосымша ғимараттың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа нысанда қосымша 200 спортшының жаттығуына және түрлі спорт ойындарынан жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Одан бөлек бадминтон спорт түрін қосу да көзделіп отыр.
Пікір қалдыру