ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысында су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізіліп, ол суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Еліміздегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт Түркістан облысында ашылды.  Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдерінің басын қосып, осы саладағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында мәжіліс өткізді. Су үнемдеу технологиясын енгізуді кешеуілдетіп жатқан аудан, қала басшыларына ескерту жасап, ширақтық танытуды жүктеді.
– Мемлекет басшысы агросаланы су үнемдеу технологиясын енгізе отырып дамытуды тапсырды. Өңірімізде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт іске қосылды. Оның өнімін тұтыну бойынша облысымыз көш бастауы керек еді. Бірақ әлі де жүйелі жұмыс көрмей тұрмын. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, шаруаларға су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын түсіндірсін. Оларға көмектесіңіздер. Сонда ғана қозғалыс болады. Аудан, қала әкімдеріне су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Индикаторға енгізіліп, рейтинг жасалады. Жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған басшылардың жауапкершілігі қаралады. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару алқаптарын еселеп арттыру – уақыт талабы, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су үнемдеу технологияларын енгізу және осы бағытта өндірістік кәсіпорындар ашу мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Биыл облыста 22442 гектар жерге су үнемдеу технологияларын ендіру көзделген. Бүгінде 4 мың гектарға жуығына ендірілген. Қалғанында жұмыс жүріп жатыр.
Мәжілісте «Тұран су» мекемесі жанынан су үнемдеу технологияларын шығаратын өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар да сарапталды. Екі ай көлемінде Саурандағы өнеркәсіптік аймағында тамшылатып суғару құбырын, шланг және өзге де құрылғылар шығару бойынша бірнеше жоба жүзеге асып, кәсіпорындар іске қосылады. Инвесторлармен келісім жасалған.
Жиын соңында аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыру, жауапты басқармаға тамшылатып суғару технологиясын ендіруші шаруа қожалықтары мен мердігерлерге тиісті қолдау көрсету тетігін жетілдіру жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге су үнемдеу технологиясына бет бұрған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын сүйемелдеу, қолдау көрсету жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

2030 жылға қарай Түркістан облысындағы суармалы жердің 50% су үнемдеу технологиясын қолданады.  Яғни, 216 мың гектар жерге жаңа технология енгізіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл 22 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі. Бүгінге дейін соның 13 мың гектарына орнатылған. Оның 8 мыңына тамшылатып, 5 мың гектарына жаңбырлатып суару жабдықтары қойылған. Шаруалар бұған дейін мұндай технологияны сырттан сатып әкеліп орнатса, енді өзімізде шығарылады. Жақында Түркістандағы индустриялды аймақта жылына мың дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауыт іске қосылды. Өткен айдан бастап, шаруаларды ынталандыру үшін жаңа технологияға көшкен диқандарға шығынның 80% мемлекет өтеп бере бастады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*