Шымкент қаласында«Таза Қазақстан» акциясы аясында игілікті істер атқарылуда. Бүгін де өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар ауқымды тазалық жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы іс-шаралар жалғасын тапты.
Акцияға қоқыспен күресуге және аумақты абаттандыруға бірге шыққан тұрғындардың қарасы қалың. Олар ауланы тазалап, әктеу және сырлау жұмыстарын жүргізді.
«Акция арқылы экологияға қамқорлық өзімізден басталатынын көрсету үшін өткізуді шештік», – дейді белсенді тұрғындар. Олар қала тұрғындарын акцияға атсалысуға шықырды.
Бүгін Абай ауданына қарасты Шымсити шағын ауданында «Таза аула» тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудан ардагерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар мен тұрғындар белсенді түрде қатысты.
Жалпы 100-ден астам адам шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын ретке келтіріп, күл-қоқыстардан тазартты. Абай аудандық коммуналдық мекемесінің жұмысшылары да санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін айтты. Ол қала тұрғындарын, әсіресе, жастарды экологиялық мәдениетті сақтауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Тазалық – мәңгілік тақырып. Оның әлемдік өз стандарттары бар. Өзге елден келетін қонақтардың да басты назар аударатыны қала тазалығы. Қала тазалығы дегенде материалдық, заттық құндылықты алдыңғы кезекке түсiрудiң қажетi жоқ. Қалалықтардың кез-келген қоғамдық орындарда өздерiн байыпты ұстауы да қала мәдениетiнiң бiр көрiнiсi болып табылады.
Пікір қалдыру