
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қала тұрғындарымен кездесуі барысында, әсіресе Әл-Фараби ауданында, тұрғындар табиғатты қорғау және қала экологиясын жақсарту мақсатында аллеялар мен саябақтарды көбейту туралы ұсыныстарын білдірді. Бұл кездесу қала тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттыру және жасыл желектердің көбейту қажеттілігін түсінгендігін айқындады.
Әл-Фараби ауданының тұрғыны Гүлнар Өтебаева, Шымкент қаласы әкімінің аллеялар мен саябақтарды көбейтуге арналған бастамасын қолдап, бұл жұмыс қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыратынын атап өтті. Оның пікірінше, шаһардың көркеюі мен тұрғындардың экологиялық сауатын арттыру үшін аллеялар мен саябақтарды кеңейту өте маңызды. Жасыл желектер қала тұрғындарының денсаулығын жақсартып, табиғатқа деген құрметті арттырады.
«Сіз Шымкентке келгелі бірнеше аллеяның лентасын қиып, тұрғындардың ризашылығына бөлендіңіз. Балаларымыз үшін мұндай жобалардың орны ерекше. Себебі, олар онда ойнап, таза ауада демалысын жақсы өткізе алады. Әйтпесе көлік шуы мен жан-жақты заңды-заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандарынан тас қалаға айналып барамыз. Осы Рысқұлов көшесі мен Жібек жолы көшесі қиылысындағы Атлант сауда үйнің алдында бос жер болатын. Сол жерге де сквер саламыз деген әңгімелер болған еді. Сол жердің құрылысы қаша басталады? Мұнан өзге біздегі көпқабатты тұрғын үйлердің арасы тым тығыз орналасқан, олардың арасынан да жер тауып демалыс орындарын қарастырсаңыздар екен»,-деп сұрады ол.
Өз кезегінде қала әкімі саябақ, аллея, сквер салу жұмыстары тоқтамайтынын айтады. Тіпті, халық «бұл әкім тек парк салумен айналысып кетті» десе де, Шымкент жасыл желекті қалаға айналуы тиіс деген ұстанымын жасырмады.
«Сіз айтқан ол орында құрылыс жұмыстары басталды. Қазір жер бетін тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол маңайдағы автожуу бекеті де бұзылатын болады. Мұнан өзге ол жерде жаңбыр, қар жауса су басатын еді. Сол себепті, ирригациялық жүйелерін реттеп, су қашыртқы құбырларын ауыстыратын боламыз. Уайымдамаңыз, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Еуропадағыдай жасыл желекті қала болуымыз керек. Бәз біреулер қанша айтса да, біз аллея, сквер, саябақ салуды тоқтатпаймыз»,-деді қала әкімі.
Шымкент қаласында соңғы жылдары жаңа аллеялар мен саябақтардың салынуы қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаралар қаладағы экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына демалуға, серуендеуге және таза ауада уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Аллеялар мен саябақтардың көп болуы, әсіресе, қала тұрғындарының денсаулығына, көңіл-күйіне және экологиялық мәдениетінің қалыптасуына оң әсер етеді.
Қазіргі таңда Шымкентте бірнеше жаңа саябақтар мен аллеялар бой көтеріп, бұрынғы саябақтар да қайта жаңартылып, қала тұрғындарына көбірек орындықтар мен демалыс аймақтары ұсынылды. Осылайша, қала әкімінің бастамасы бойынша аллеялар мен саябақтардың салынуы – қала экологиясын жақсарту, жасыл желектердің санын арттыру және тұрғындардың денсаулығын нығайту бағытында жасалған маңызды қадам болып табылады.
Шымкенттің жасыл аймақтарын дамыту мақсатында аллеялар мен саябақтардың саны ары қарай арта түседі. Бұл бастама қала тұрғындары үшін жайлы, таза және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған. Тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып, алдағы уақытта жаңа демалыс аймақтары мен жасыл кеңістіктер салынатын болады.
Айта кету керек, мұнан өзге қаладағы Қызылжар шағын ауданында да демалыс орны салынатын болады. Тұрғындардың сұрауы бойынша құрылысы басталған бұл нысан, жеке кәсіпкерлер есебінен жүзеге асып жатыр.
Пікір қалдыру