ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ

Түркістан облысында 2024 жылдың басынан бері тілсіз жау – су құрбандарының саны күрт артып отыр. Биылдың өзінде түрлі жағдайларда 30 адам суға кетіп, қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың ішіндегі ең өкініштісі – 13-і жас балалардың өмірі қыршыннан қиылған. Бұл туралы өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – арнайы шомылу орындарының тапшылығы. Облыс аумағында 2 миллионнан астам халық тұратынына қарамастан, 2024 жылы тек 14 ресми жағажай ғана жұмыс істеген. Мұндай жағдай халықтың қауіпсіз демалуына жеткілікті мүмкіндік бермейтіні анық. Осыған орай биыл облыс әкімінің тапсырмасы негізінде 70-ке жуық жаңа жағажай ашу жоспарлануда. Бұл қадам шомылу маусымында қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты шаралардың бірі болмақ.

Сонымен қатар, өңірде аквапарк салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда демалыс және шомылуға арналған қауіпсіз орындардың жетіспеушілігі, әсіресе, жаз мезгілінде өзекті болып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл мәселені шешу үшін кешенді жоспарлар жасап, бірқатар нақты істерді қолға алған.

Мәселен, өткен жылғы көрсеткіштер бойынша, қайғылы жағдайлардың 45 пайызы каналдар мен арықтарда орын алған. Бұл дегеніміз – балалар мен ересектердің рұқсат етілмеген, қауіпті аймақтарда шомылатынын көрсетеді. Тәртіпке бағынбай, ескерту белгілеріне назар аудармайтын тұрғындар әлі де көп.

Қауіпсіздік шараларының аясында департамент мамандары жыл басынан бері 742 рет рейд жүргізіп, түсіндіру және бақылау жұмыстарын қолға алды. Аталған рейдтер барысында шомылу ережелерін бұзған 53 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 730 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл – профилактикалық шаралардың бір бөлігі ғана.

Мамандар тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін қайта-қайта ескертіп келеді. Атап айтқанда, балаларды қараусыз қалдырмау, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау, ішімдік ішіп суға түспеу сияқты негізгі қағидалар жиі бұзылады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері бұл бағытта мектептерде, қоғамдық орындарда үгіт-насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Сала басшысы Оразгелді Дүйсен сөз соңында шомылу маусымының басталуына орай облыс тұрғындарын барынша сақтыққа шақырды:
«Суға шомылу – демалыстың ең сүйікті түрі болғанымен, ол жоғары деңгейде қауіпсіздікті талап етеді. Балалардың өмірі – біздің басты байлығымыз. Әр азамат судағы қауіпсіздік ережелерін толықтай сақтауы тиіс. Бұл – өз өміріне және өзгелерге деген жауапкершілік,» – деді ол.

Түркістан облысында тілсіз жаудың алдын алу үшін арнайы жабдықталған жағажайлар санын арттыру, бақылау шараларын күшейту және халықтың судағы қауіпсіздікке деген мәдениетін қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*