
Шымкентте қала инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі — Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы. Бұл жоба апатты және тозығы жеткен үйлерді кезең-кезеңімен сүру арқылы, тұрғындарды заманауи, жайлы және қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуді көздейді.
Аталған тұжырымдама аясында бүгінде 66 отбасы жаңа тұрғын үйге қоныстану мүмкіндігіне ие болды. Олар бөлме саны сақталған, толық әрленген, заманауи пәтерлерге көшірілді. Бұл әлеуметтік жоба арқылы тек қана баспана мәселесі шешіліп жатқан жоқ — ол қала келбетін жақсартып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға да ықпал етуде.
Бүгін, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Көксайдағы Нұрлыбаев көшесі №3 мекенжайындағы апатты үйде тұрып келген тағы 8 отбасыға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. Қала басшысы тұрғындарды қуанышымен құттықтап, мұндай бағдарламалар мегаполистің тұрақты дамуына, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына және өмір сүру деңгейінің артуына тікелей әсер ететінін айтты.
Жобаның келесі кезеңдерінде көпқабатты үйлермен қатар мектеп, балабақша, медицина мекемесі сияқты әлеуметтік нысандардың да құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, Көксай шағынауданы толық абаттандырылып, жол, жарық, көгалдандыру және инженерлік инфрақұрылымдар жаңартылатын болады.
Қазіргі таңда Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан заманауи мегаполис. Қалада тұрғын үй құрылысы, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік сала, экология және қала кеңістігін жақсарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Көксай секілді шағынаудандардың жаңғыруы – бұл тек шағын аймақтың емес, бүкіл қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Қала билігі мұндай әлеуметтік бағдарламаларды алдағы уақытта да жалғастырып, әрбір тұрғын үшін жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруды басты міндет етіп отыр.
Пікір қалдыру