ТЕКЕСУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңадан ауыз су жүйесі іске қосылған Текесу тұрғын алабына арнайы барып, жергілікті халықпен кездесті. Қала басшысы тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтап, аталған жобаның әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталды.

Аталған жоба – халықтың сұранысы мен қажеттілігіне негізделген нақты шешім. Бұған дейін қала әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында Текесу тұрғын алабының халқы ауыз су тапшылығы туралы мәселе көтеріп, сапалы ауыз суға тұрақты қол жеткізе алмай отырғанын айтқан болатын. Осы мәселе бойынша жедел тапсырма беріліп, нәтижесінде қажетті жұмыстар қолға алынды.

Жобаны іске асыру барысында жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 130-дан астам абонент таза, санитарлық талаптарға сай ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл — тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін игі бастама.

Айта кету керек, бұл жұмыстар мемлекеттік бюджет есебінен емес, демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Қала әкімі әлеуметтік жауапкершілік танытып, игі іске үлес қосқан демеушілер мен мердігер мекемелерге алғысын білдіріп, мұндай ынтымақтастық – қаланың тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

Сонымен қатар, әкім Текесудің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Алдағы уақытта жолдарды жөндеу, көше жарығын орнату, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында да нақты жобалар жүзеге асырылмақ.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескеріп, әрбір елдімекеннің нақты мәселелерін шешуге басымдық беріп отыр. Бұл ретте Текесу тұрғын алабындағы су мәселесінің шешілуі – жергілікті билік пен қоғамның бірлесе жұмыс істеуінің нақты нәтижесі.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар жобаларға демеушілерді, кәсіпкерлерді кеңінен тарту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық бермек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*