ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП: 2025 ЖЫЛ – ПРОФИЛАКТИКА ЖЫЛЫ АЯСЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ТҰРМЫСТАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

2025 жыл – елімізде Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы». Осы бастама аясында республика көлемінде отбасындағы тұрақтылықты сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Шымкент қаласында 15-17 шілде аралығында өткен «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы.

Аталған іс-шара Шымкент қаласы Полиция департаментінің Еңбекші аудандық Полиция басқармасына қарасты Жергілікті полиция қызметі бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшесі мен учаскелік инспекторлар тарапынан үйлестіріліп өткізілді. Шара барысында отбасылық-тұрмыстық салада жиі құқық бұзушылық тіркелген тұрғын үйлер араланып, жеке-дара түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасындағы жанжалдардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу, және заң нормаларын түсіндіру арқылы азаматтардың құқықтық сауатын арттыру. Полиция қызметкерлері атаулы есепте тұрған отбасылармен ашық әрі бейресми әңгімелер жүргізіп, тұрмыста жиі кездесетін жанжалдардың соңы қандай құқықтық салдарға әкелетінін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Көп жағдайда тұрмыстық қақтығыстардың тамыры тереңде жатыр – әлеуметтік жағдайдың қиындығы, жұмыссыздық, маскүнемдік немесе психоэмоционалдық қысым. Осы ретте, құқық қорғау органдары тек әкімшілік шарамен шектелмей, психологиялық, әлеуметтік кеңестер беріп, отбасылардың ішкі қарым-қатынасын жақсартуға ықпал етуде.

Шара аясында бұрын құқық бұзған, қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғаларға ерекше назар аударылды. Мұндай азаматтардың әрекеттері заңмен қатаң реттеліп, олардың тарапынан қандай да бір агрессия немесе зорлық-зомбылық фактілері қайталанған жағдайда жауапкершілік заң аясында қаралады.

Сонымен қатар, профилактикалық есепке алынған маскүнемдер, нашақорлар мен жайсыз отбасы мүшелерінің тұрмыстық жағдайы да қатаң бақылауға алынды. Бұл бақылау – тек құқықтық реттеу ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-психологиялық көмекті үйлестіруге мүмкіндік береді.

Шара барысында полиция қызметкерлері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін түсіндіру парақшаларын таратып, тұрмыстық зорлықтың белгілері, оны болдырмау жолдары мен құқықтық көмек алудың тетіктері туралы мағлұмат берді. Тұрғындардың басым бөлігі бұл бастаманы қолдап, құқық қорғау органдарына алғыс білдіріп, осындай іс-шаралардың жиі өтуі қажет екенін атап өтті.

Жедел алдын алу шараларының бір артықшылығы – мәселені ушықтырмай, оны бастапқы кезеңінде шешуге мүмкіндік беруі. Дәл осындай тәсіл – отбасылық жанжалдарды әлеуметтік трагедияға айналдырмай, қоғамда тұрақтылық сақтаудың кепілі.

 “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы – тек құқық бұзушылықпен күрес емес, ол – отбасы құндылықтарын сақтау, қоғамдық тұрақтылықты нығайту және болашақ ұрпаққа қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы маңызды жұмыс. Шымкент қаласының полиция қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстарын жыл соңына дейін тұрақты түрде жалғастыратын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*