
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2025 жылды “Заң мен тәртіп” жылы деп жариялауына байланысты елімізде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Шымкент қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жуырда Шымкент қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» КММ-де аталған бастама аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның салдарын азайту бағытында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Шымкент қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Д.А. Сахибекова, сондай-ақ Тұран және Абай аудандық полиция басқармаларының мамандандырылған қызметкерлері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жәбірленушілер мен агрессорлар арасында түсіндіру, құқықтық кеңес беру және профилактикалық жұмыстар жүргізу болды. Іс-шара барысында «Отбасын қолдау орталығының» заңгері Г.К. Мырзалиева қатысушыларға отбасы құндылықтарын сақтау, заң алдындағы жауапкершілік және зорлық-зомбылықтың психологиялық, құқықтық салдары туралы ақпарат берді.
Қатысушылармен ашық диалог форматында өткен шарада полиция қызметкерлері қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамда алаңдатарлық деңгейге жеткенін атап өтті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын мыңдаған отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып отыр. Оның ішінде әйелдер мен балалар – ең әлсіз әрі қорғансыз топ саналады. Көп жағдайда жәбірленушілер өз құқықтарын білмегендіктен немесе қоғам тарапынан қысым көруден қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбей жатады.
Сол себепті мұндай алдын алу шараларының маңызы зор. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның мәселесі екенін түсіну қажет. Оны болдырмау үшін полиция мен әлеуметтік сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе отырып әрекет етуі тиіс.
Кездесу барысында агрессорларға арналған психологиялық түзету бағдарламалары, жәбірленушілерге арналған уақытша баспана мен құқықтық көмек жайлы ақпараттар ұсынылды. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа жол берген азаматтарға қатысты қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары да түсіндірілді.
Шара соңында қатысушылар отбасылық қарым-қатынастағы өзара сыйластық пен жауапкершілікке, зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға үндеді. Осындай кездесулердің басты мақсаты – әрбір отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамда зорлық-зомбылыққа деген «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру.
Болашақта мұндай іс-шаралар қала аумағындағы басқа да аудандарда жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тек кешенді алдын алу, кең көлемді ақпараттандыру мен жүйелі жұмыс арқылы ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады.
Пікір қалдыру