ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК КҮНІНЕ ОРАЙ «ТЭЦ-3 ЭНЕРГООРТАЛЫҚ» КӘСІПОРНЫНДА САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ.

Шымкент қаласында Еңбек күні мерекесі аясында маңызды іс-шаралардың бірі «ТЭЦ-3 Энергоорталық» кәсіпорнында ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – қарапайым еңбек адамының қадірін ардақтап, қаланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жұмысшылар мен сала мамандарына құрмет көрсету.

Іс-шара барысында қатысушылар өндірістік цехтар мен бөлімдерді аралап, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Экскурсия кезінде қонақтар ұжымның күнделікті жұмысы, еңбек мәдениеті мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы секілді маңызды мәселелер бойынша жан-жақты мағлұмат алды.

Мерекелік жиын Қазақстан халқы Ассамблеясы Шымкент қалалық хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзееваның құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол еңбек адамдарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қаланың өркендеуіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Еңбек – елдің дамуы мен берекесінің негізгі тірегі. Бүгінгі мереке – қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы орны мен мәртебесін айшықтайтын ерекше күн. Сіздердің әрбір табанды қадамдарыңыз қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді. Ұжымдағы бірлік пен өзара сыйластық – ең үлкен байлық. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді Айгүл Әмзеева.

Салтанатты жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, кәсіпорын басшылығы мен жұмысшылары, сондай-ақ осы зауытта ұзақ жыл еңбек еткен ардагер Қыдырәлі Насибов қатысты. Ол бүгінде ҚХА жанындағы түрік этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі.

Қонақтарға зауыттың өндірістік құрылымы мен жұмыс барысы туралы «3-Энергоорталық» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы, Химиялық цехтың бастығы Талғат Қалдыкөзов толыққанды ақпарат беріп, зауыттағы еңбек үдерістерімен таныстырды.

Мереке аясында кәсіпорында адал еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлерге Алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Бұл — олардың ұзақ жылғы еңбегі мен ұжымға қосқан үлесінің жемісі.

«ТЭЦ-3 Энергоорталық» ұжымы үшін Еңбек күні – ұжымдық бірлікті нығайтып, еңбек адамдарының қоғамдағы орнын дәріптейтін маңызды күн. Мұндай іс-шаралар жұмысшылардың кәсібіне деген мақтаныш сезімін арттырып, жаңа белестерге ұмтылуға күш береді.

Еңбекке деген құрмет пен адал қызмет – ұжымның табысты дамуының басты кепілі. Бұл мереке сол құндылықтарды тағы бір мәрте айшықтап, еңбек адамдарының рухын көтеруге жол ашты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*