ОҚО-да төрт айда 30 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өңіріміздегі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы 2017 жылдың 1 мамырына атқарылған жұмыстар туралы өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлім етті. Айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен аймақта 1 147,2 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 502,8 мыңы өздігімен жұмыспен қамтылғандар екен.

«2017 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде 66764 жаңа жұмыс орындары ашылатыны жоспарланып, оның ішінде, 5677 адам жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасатыны көзделді. 2017 жылдың 1 мамырына 4870 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде, 115 орын «Индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы (42,1%), 396 орын «Бизнестің жол картасы 2020» (55,9%), 3987 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы (23,1%), 237 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында (0,6%) ашылған. Ашылған жаңа жұмыс орындарына 1201 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасқан», — деді Әсия Құралқызы.

Сонымен бірге, баспасөз жиынында Ә.Темірбаева аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсету туралы айтып берді. Мәліметінше, жыл басында аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 886 адамды, немесе облыс халқының 0,03 пайызын құраған. 2017 жылдың 1 мамырына олардың саны 6,7 пайызға төмендеп, 827 адамды немесе облыс халқының 0,03 пайызын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, «Өрлеу» жобасының жүзеге асырылуын баяндаған басшы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау аясындағы жұмыстардың барысына тоқталды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*