ЖАҢА ӘЛIПБИ – ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫН БIРIКТIРЕТIН МАҢЫЗДЫ ФАКТОР

Бұл күндерi қоғамда қызу талқыланып жатқан негiзгi мәселелердiң бiрi – латын әлiпбиiне көшу. Болашағын әлемдiк өркениетпен байланыстыратын қоғамның кез келген азаматы әлiпбидi ауыстыруға бей-жай қарамайтыны анық. Сондықтан, теледидарда, ғаламтор желiлерiнде, баспа беттерiнде түрлi пiкiрлер айтылып жатыр.

Осы орайда бiлiм саласында бiрнеше жылдық еңбек өтiлi бар мен де өз пiкiрiмдi бiлдiргiм келедi. Бiз, бiлiм саласының қызметкерлерi, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды дәрiптейтiн, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан адамгершiлiк қасиеттерiне сүйенетiн рухы биiк Мәңгiлiк елдi құру жолындамыз.

Қалай болғанда да жаңа әлiпби – бүкiл әлем қазақтарын бiрiктiретiн өте маңызды фактор. Қазақ жазуын латын әлiпбиiне ауыстыру қажет пе, қажет емес пе деген түйiндi сұрақтың шешiлер сәтi туды. Әлiпбидi өзгертудiң тағы бiр ерекшелiгi, латын графикасы жер-жаһанға кең тараған, соның арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынына, бiлiм, мен ғылым саласындағы кеңiстiкке еркiн енедi. Сонымен бiрге, латын әлiпбиiне көшу қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебесiне зор ықпалын тигiзедi. Яғни, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi көтерiледi. Ол дегенiмiз – тiлiмiз басқа мемлекеттердiң тiлiмен бiр қатарда тұрады деген сөз. Сондай-ақ, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасымыз да жеңiлдейтiн болады. Бiз өмiр сүрiп жатқан ХХI ғасырда дүние жүзiндегi адамдардың көбiсi латын әлiпбиiн қолданады. Себебi, латын жазуы ағылшын тiлi сияқты әлемге кең тараған. Бәрiмiз ғаламтор желiсiн пайдалануда бұл мәселемен жиi кездесемiз. Сондықтан латын әлiпбиiнiң тиiмдiлiгi қазақ тiлiне компьютерлiк жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңiстiгiне кiруге тиiмдi жолдар ашады.+

Екiншi жағынан, бұл – түркi әлемi мен Қазақстанның бiрiгуi. Түркия, Әзiрбайжан, Өзбекстан сияқты елдермен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасымызды нығайта түсетiн боламыз. Сонымен қатар, латын әлiпбиiне көшу–қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсiп–өркендеуiне, болашақта елiмiздiң жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемiсi мен жеңiсiн әкелерi сөзсiз. Сондықтан латын әлiпбиiне көшу – бiз үшiн, болашақ үшiн аса маңызды. Латын әлiпбиi – Ұлы дала елiн әлемдiк өркениетпен қабыстыратын алтын көпiр.

Қалима ИЖАНОВА, П.Тәжiбаева атындағы №3 жалпы орта мектебiнiң директоры. Ленгiр қаласы.

Мақала OKG.kz сайтынан алынды

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*