Хадиша Қылышбаева: Латын әліпбиіне көшу үшін білікті оқытушы кадрлар мен әдістемелік база қажет

Ақорданың төрінде өткен алқалы жиында жаңа қаріптің соңғы үлгісін таныстырмас бұрын Елбасы бұл – біздің қастерлі Тәуелсіздігіміздің жемісі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы ретте бірегей жобаны іске асыру аясында Президент әкімшілігіне 300-ден астам үндеу мен ұсыныс келіп түскенін, әлеуметтік желілерде 1000-ға жуық тақырыптық жазба жарияланғанын алға тартты. Елбасының жолдауының аясында қарқын алған бұл жаңғыруға толықтай көшу 2025 жылға дейін меже қойылған. Естеріңізге салайық, соңғы латын әліпбиінде 32 қаріп таңбаланған. Жалпы, Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамбар басталмақ. Ең бастысы түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын тілі алтын көпір болмақ.«Күні кеше Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды. Ұсынылған 32 әріптен тұратын жаңа жоба ұстаздар қауымының көңілінен шығып, қолдаулар тапты. Өйткені күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалынған екен. Сонымен қатар, Елбасының жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін ескергені және Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасы уақытында айтылды деп есептейміз. Латын әліпбиіне көшу үшін білікті оқытушы кадрлар мен әдістемелік база қажет. Осы негізде, Біздің білікті ұстаздар жоғарыда аталған жұмысқа дайындығын жеткізіп, қолдау білдіреді»,-Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп –гимназиясының директоры Хадиша Қылышбаева.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*