Оңтүстікте дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті

Бүгін облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті.
Өткен жылдары қазақтың ұлттың тағамы ет асудан шеберліктерін танытқан этнос өкілдері биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қолдау білдіріп, қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түсті.
Фестиваль аясында қазақтың төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек,бұқпа, қарын бөртпе, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сынды ұлттық тағамдарын дайындаған этномәдени бірлестіктер оның тарихы мен әзірлеу әдіс-тәсілін қонақтар мен қазылар алқасына таныстырды. — Бүгінгі шараны ұйымдастыру арқылы біз өңірдегі барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыруды, ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеуді, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуды көздеп отырмыз,- деді іс-шараның салтанатты ашылуында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.Белгілі жазушы, облыс əкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшысы Мархабат Байғұт, ОҚО ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, п.ғ.д., профессор Асма Қалыбекова, №6 колледждің жоғары санатты шебері Фарида Тұрғанбайқызы сынды азаматтардан құралған қазылар алқасы ассамблея мүшелері әзірлеген қазақтың ұлттық тағамдарын бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге қарын бөртпе тағамын дәмді етіп дайындаған облыстық грузин этномәдени бірлестігі лайықты деп табылды. І орынды тәжік этномәдени бірлестігі, ІІ орынды корей этномәдени бірлестігі мен ұйғыр этномәдени бірлестігі иеленді. Ал, ІІІ орын облыстық поляк, грек және неміс этномәдени бірлестіктеріне бұйырды. Фестиваль аясында мақал-мәтел айтудан сайысып, асық атудан шеберліктерін көрсеткен этнос өкілдері де марапаттан тыс қалмады.
Іс-шараға қатысқан өңір тұрғындары этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*