Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберді-деп хабарлайды «Күнгей.kz» ақпарат агенттігі Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыстар жүруде.
Қаңтардың жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін Мақтаарал ауданы «Мақтарал» ауылдық округінің әкімі Әлім Ибраев «Дүйсенбек» шаруа қожалығына барды. Серік Сәдуовтың басшылығындағы қожалықтың еншісінде 4,5 гектар жер бар болса, соның барлығына қырыққабат дақылы егіліп жатыр екен. 60 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір күнін пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс жасап жатыр.
«Жұмысшыларға күніне 3200 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сортын да ектік. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – деді С.Сәдуов.
Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың пандион, ринда, фарао сұрыптарын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Қазірдің өзінде «Мақтарал» ауылдық округінде 50 гектардан астам жерге қырық қабат егіліп үлгерген.
Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 2019 жылы 50 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қамбаға жиналған. Ал, оның басым бөлігі қырыққабат өнімі болатын.
Пікір қалдыру