Мақтаарал ауданында К-15 каналын қайта құру жобасы Инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.
К-15 каналының жалпы ұзындығы – 16,095 шақырым, ал су өткізу қабілеті – 6 м³/секунд. Биыл каналдың 4,5 шақырым бөлігіне бетондау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда арна түбін механикалық тазарту, нығыздау және бетондау жұмыстарына дайындық шаралары атқарылуда.
Құрылыс жұмыстарын салада мол тәжірибесі бар «ГидроҚұрылыс» мердігер компаниясы жүргізуде. Жоба 2027 жылға өтпелі болып табылады.

Аталған мердігер мекеме Түркістан облысындағы бірқатар каналдарды сапалы бетондап, су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуда тәжірибесі мол ұйымдардың бірі ретінде танылған. Әсіресе, күрделі инженерлік инфрақұрылым нысандарын салудағы кәсіби біліктілігі жоғары болғандықтан, компанияға артылған сенім зор.
Сонмер бірге «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының теңгеріміндегі Мақтаарал ауданындағы К-15 каналында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысында ауылға кіреберіс жолдың бір бөлігіне зақым келген болатын.
Атап айтқанда, канал бойындағы қарсы беттегі Өнімкер ауылына кіреберіс тұста 45 метрлік учаскеде құрылыс жұмыстарына тартылған ауыр техникалар қалың топыраққа батып қалып, соның салдарынан жолға зиян келген. Бұл жағдай 6 мамыр күні орын алған.

Осыған байланысты, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының тапсырысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Гидро Құрылыс» компаниясы мәселені жедел қолға алды. Қазіргі таңда жолдың зақымданған 45 метр бөлігіне тас төселіп, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын мамыр айының соңына дейін толық аяқтайтынын мәлімдеді.
