ҚР Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Созақ ауданында 29 отбасы баспаналы болды. Аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында өткен салтанатты шарада халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
Қуанышты сәтке аудан тұрғындары мен ардагерлер қатысып, қоныс тойын иелерімен бірге атап өтті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, баспана әрбір отбасының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жаңа пәтер иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және іріктеу жұмыстары «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілуде.
Аймақта тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Бүгінде Жеткіншек мөлтек ауданында пайдалануға беруге дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталғаннан кейін бұл баспаналар да өз иелеріне кезең-кезеңімен тапсырылатын болады.
Сонымен қатар, ауданда 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының қолдауымен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлер де салынуда. Осылайша Созақ ауданында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
