Қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар Созақ ауданында жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан орталығы Шолаққорған ауылында тұрғындар мен түрлі сала өкілдерінің қатысуымен ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, бірнеше аумақта тазалық пен абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өткен сенбілікке мекеме қызметкерлері, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысты. Іс-шара барысында Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында көшеттерді күтіп-баптау, суару, арамшөптерден тазарту және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар қоршаулар сырланып, аумақтың эстетикалық келбеті жақсартылды.
Бұдан бөлек, Шолаққорған–Созақ, Шолаққорған–Шымкент және Шолаққорған–Түркістан бағыттарындағы республикалық маңызы бар автожолдардың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Су өткізгіш өткелдер, каналдар мен арық-атыздардағы тазалау жұмыстары жүргізіліп, санитарлық талаптарды сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Жасыл белдеу» аумағындағы жұмыстарға 500-ге жуық адам мен 7 арнайы техника жұмылдырылып, белгіленген аумақтар толық қамтылды.
