Түркістандағы халықаралық есу арнасы еліміздің үздік спортшыларын тағы бір мәрте тоғыстырды. Мұнда байдарка мен каноэде ескек есуден Қазақстан чемпионатының жалауы көтеріліп, ұлттық құрама сапына іріктелетін маңызды дода өз мәресіне кірісті. Бұл жарыстың нәтижелері күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын спортшыларды анықтауда шешуші рөл атқарады.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов пен Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худяров қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байрақты бәсекеге еліміздің 11 өңірінен келген 130-ға жуық спортшы қатысуда. Чемпионаттың алғашқы күні ескекшілер 1000 метр қашықтықта бақ сынап, өзара мықтыларды анықтады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетовтің айтуынша, Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарында байдарка мен каноэде ескек есуден 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Дегенмен әр мемлекет тек 10 дисциплина бойынша ғана спортшыларын жарысқа қоса алады. Сонымен қатар Азия ойындарының бағдарламасында 1000 метр қашықтық қарастырылмаған, негізгі бәсекелер қысқа қашықтықтарда өтеді.
Осыған байланысты Түркістандағы ел чемпионатының алдағы жарыс күндері аса тартысты өтіп, ұлттық құрама сапына ену үшін спортшылар арасында бәсеке күшейе түспек.
Қазақстан чемпионаты 21 маусым күні аяқталады.
