Созақ ауданы бүгінде еліміздің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі саналады. Бұл жетістікке зор үлес қосып отырған кәсіпорындардың алдыңғы қатарында – Қазақстан мен Францияның бірлескен KATCO кәсіпорны. Компания Мойынқұм кен орнының Төрткұдық және Мойынқұм учаскелерінде уран өндіру мен өңдеуді жүзеге асырып, еліміздің ғана емес, әлемдік атом өнеркәсібінің маңызды қатысушысына айналды.
Бүгінде кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тоннаға дейін жетеді. 2006 жылдан бері 45 мың тоннадан астам уран өндірілген. Бұл көрсеткіш KATCO-ның әлемдік уран өндірісінің шамамен 7 пайызын және Қазақстандағы өндірістің 15 пайызын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар кәсіпорын екенін айғақтайды. Өндірістің тұрақты дамуы аудан экономикасының нығаюына, облыстың өнеркәсіптік әлеуетінің артуына және республикалық экспорт көлемінің ұлғаюына елеулі үлес қосып келеді.
KATCO – Созақ ауданындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Қазіргі таңда кәсіпорында 1 300-ден астам адам тұрақты еңбек етеді. Оның 70 пайызы Түркістан облысының тұрғындары болса, қызметкерлердің басым бөлігі Созақ ауданынан. Бұл жүздеген отбасының тұрақты табыс тауып, әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар компания жас мамандарды даярлау, кәсіби оқыту және еңбек қауіпсіздігін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Өндірістегі басты басымдықтардың бірі – қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілік. Кәсіпорын уран өндіруде жерасты ұңғымаларын шаймалау (ISR) технологиясын қолданады. Бұл әдіс әлемде экологиялық әсері төмен әрі қауіпсіз өндіріс тәсілдерінің бірі ретінде мойындалған. Компания өндірістік және экологиялық бақылауды тұрақты жүргізіп, радиациялық қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау талаптарын халықаралық стандарттарға сәйкес қамтамасыз етеді. Пайдаланылған өндірістік аумақтарды қалпына келтіру, жергілікті экожүйені сақтау және үздіксіз мониторинг жүргізу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
KATCO әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстарды да жүйелі түрде жалғастырып келеді. Компания білім беру, денсаулық сақтау, ауыз су, инфрақұрылым және әлеуметтік қолдау салаларындағы жобаларды қаржыландырып, жергілікті қауымдастықтардың дамуына үлес қосуда. Жыл сайын өңірде ондаған әлеуметтік жоба іске асырылады.
Биылғы жылы Оңтүстік Төрткұдық учаскесін дамытуға қатысты жаңа кезеңнің басталуы өндірістің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл алдағы жылдары өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыратынын көрсетеді.
