Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен Раң елді мекеніне барып, 22 шілдеде жауған нөсер жаңбырдан кейінгі ахуалды бақылап, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Нөсер жауын салдарынан Раң өзенінің арнасы белгілі бір уақыт аралығында тасып, су ағысының әсерінен өзен бойында қиыршық тастар мен шайылған жыралар пайда болған. Дегенмен, табиғи құбылыс тұрғын үйлерге, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына, сондай-ақ тұрғындардың жеке мүлкіне ешқандай зиян келтірген жоқ.
Қазіргі таңда өзен арнасын қалыпқа келтіру және жағалауды реттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жұмыстарға «Central Asia Mining Co» ЖШС тарапынан екі арнайы техника, ал «Созақ сәулет» КММ-нен бір техника жұмылдырылған.
Жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Раң ауылының тау бөктерінде орналасуын ескере отырып, су арналарының жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, алдын алу шараларын жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жауапты сала мамандарына өзен арнасын ретке келтіру жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сапар барысында аудан басшысы «Ақбастау БК» АҚ-ның демеушілігімен салынып жатқан саябақ пен ондағы сахна құрылысының барысымен де танысты. Нысанның құрылыс сапасына ерекше назар аударған аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Аудан әкімдігі тарапынан елді мекендердегі инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізу бағытындағы бақылау тұрақты түрде жалғасатын болады.
