Созақ ауданында өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді пайдаланылуы нәтижесінде аудан көлемінде шағын өндіріс орындарының саны артып, жергілікті кәсіпкерлер дайын өнім өндіруге бет бұруда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ішкі нарықтың отандық өніммен қамтылуына және ауыл экономикасының нығаюына оң әсерін тигізіп келеді.
Соңғы жылдары аудан экономикасында шикізат өндіруден бөлек, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындардың қалыптасуына ерекше көңіл бөлінуде. Соның ішінде тігін, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын өндіру, тағам өнімдерін өңдеу және қолөнер бұйымдарын дайындау бағытындағы кәсіптердің дамуы өңдеуші өнеркәсіптің әлеуетін арттыра түсуде.
Осындай өндіріс орындарының бірі – Шолаққорған ауылындағы «Алуа» тігін цехы. Кәсіпкер Раушан Бекболатқызы өндірісті кеңейту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Алынған қаржыға көрпе тігуге, көктеуге және мақта түтуге арналған заманауи лазерлік станоктар сатып алынып, өндіріс үдерісі жаңа технологиялармен жабдықталды. Соның нәтижесінде бұрын қол еңбегіне тәуелді болған бірқатар жұмыстар автоматтандырылып, өнім сапасы мен өндіріс өнімділігі едәуір артты.
Бүгінде цехта бес жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда ұлттық нақыштағы қыз жасауы, көрпе-төсек бұйымдары және тұрмысқа қажетті түрлі тігін өнімдері дайындалады. Өнімдер сапалы материалдардан тігіліп, тұтынушылар сұранысына сай әзірленуде. Мұндай өндірістер аудан тұрғындарының сапалы отандық өнімге деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.
Кәсіп иесінің айтуынша, алдағы жоспар – өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейту және қосымша жұмыс орындарын ашу. Бұл бастама ауданның өңдеуші өнеркәсіп саласын кеңейтуге, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және кәсіпкерліктің тұрақты дамуына серпін береді.
Бүгінде Созақ ауданында өндірістік әлеуетті әртараптандыруға басымдық беріліп отыр. Жергілікті кәсіпкерлердің жаңа технологияларды енгізуі, өндіріс мәдениетін қалыптастыруы және сапалы өнім шығаруға ұмтылысы аудан экономикасының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Әсіресе шағын өңдеу кәсіпорындарының көбеюі ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға, импортты алмастыруға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде.
Өңдеуші өнеркәсіптің дамуы – тек өндіріс көлемінің артуы ғана емес, халықтың әл-ауқатын жақсартудың да маңызды тетігі. Сондықтан аудан көлемінде өндіріс орындарын көбейту, инновациялық технологияларды енгізу, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жергілікті брендтерді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бастамалар Созақтың өндірістік әлеуетін нығайтып, аудан экономикасының тұрақты өсіміне жаңа серпін бермек.
