Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру, өнеркәсіпті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмалары облыста нақты өндірістік жобалар арқылы жүзеге асырылуда.
Бүгінде Түркістан облысында 2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Аталған жобалардың нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал биылдың өзінде құны 336,5 миллиард теңгені құрайтын 51 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Бұл ауқымды жұмыстардың ішінде Созақ ауданы өңірдің өнеркәсіптік дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Аудан табиғи ресурстарға бай болуымен қатар, тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуда еліміздегі стратегиялық маңызды аумақтардың қатарында.
Созақ ауданындағы ең ірі өндірістік жобалардың бірі – «СП «Буденовское» ЖШС жүзеге асырып жатқан уран өңдеу кешенінің екінші кезеңі. Құны 30,2 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 6 мың тонна уран өңдеуге жетеді. Бұл еліміздің уран өнеркәсібіндегі өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, аудан экономикасының дамуына да елеулі үлес қосады.
Сонымен қатар ауданда тағы бір маңызды жоба – «ИНКАЙ» БК» ЖШС жүзеге асырып жатқан аффинаж зауыты. Инвестиция көлемі 7,5 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орны «Инкай» кен орнында өндірілетін өнімді терең өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаның өндірістік қуаты жылына 4 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Бұл өндіріс қосымша қосылған құн қалыптастырып, шикізатты өңдеу деңгейін арттыруға бағытталған.
Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар ауданның тек тау-кен өндірісімен ғана емес, өңдеуші өнеркәсіптің де маңызды орталығына айналып келе жатқанын көрсетеді. Ірі инвестициялық жобалардың іске асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Жалпы Түркістан облысында жоғары технологиялы әрі экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыстың басқа аудандарында да мақта өңдеу, агроөнеркәсіп, ет өңдеу, биотехнология, жеміс-көкөністі қайта өңдеу және құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жаңа кәсіпорындар іске асырылып жатыр. Бұл өндірістер өңір экономикасын әртараптандыруға және өнеркәсіп көлемін ұлғайтуға негіз болуда.
Инвестициялық ахуалды жақсартуда индустриялық аймақтардың рөлі ерекше. Бүгінде Түркістан облысында 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 158,4 миллиард теңгені құрайтын 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Барлық жобалар толық іске қосылған жағдайда 5 964 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 302,9 миллиард теңгені құрайтын 36 ірі жоба іске асырылып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға серпін беруде.
Өнеркәсіпті дамыту ауылдық аумақтарда да жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашып отыр. Облыс көлемінде өндірістік алаңдар құрылып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар жаңа өндірістердің ашылуына, импортты алмастыратын өнім шығаруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етуде.
Созақ ауданы үшін өнеркәсіп саласының маңызы жыл сайын артып келеді. Ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндірістік инфрақұрылымды нығайтып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе уран өнеркәсібі мен оған сабақтас өндірістердің дамуы ауданның республикалық деңгейдегі стратегиялық маңызын күшейте түсуде.
Алдағы жылдары іске асырылатын жобалар Созақ ауданын Түркістан облысындағы ғана емес, Қазақстандағы өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлердің біріне айналдыруға негіз болады. Мемлекеттік қолдау, инвестициялық белсенділік және өндірістік жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы аудан экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының көбеюіне және халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізеді.
Өнеркәсіптің өркендеуі – инвестицияның нәтижесі. Инвестиция – жаңа өндірістердің бастауы. Ал жаңа өндірістер – тұрақты жұмыс орындары мен өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің кепілі. Осы тұрғыдан алғанда Созақ ауданы бүгінгі таңда Түркістан облысының индустриялық дамуындағы негізгі тірек аудандардың бірі ретінде қалыптасып келеді.
