Созақ ауданы – Түркістан облысының индустриялық дамуында ерекше орын алатын стратегиялық маңызды өңірлердің бірі. Ауданның экономикалық өсіміне негізінен тау-кен өндірісі, уран өнеркәсібі және ірі инвестициялық жобалар серпін беріп келеді. Соңғы жылдары қолға алынған өндірістік бастамалар аудан экономикасын әртараптандырумен қатар, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізуде.
Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмалар аясында Созақ ауданында өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Бүгінде ауданның 2024–2030 жылдарға арналған даму жоспары аясында жалпы құны 640,7 миллиард теңгені құрайтын 38 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Соның нәтижесінде 2 989 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде өнеркәсіп саласында жалпы құны 636,2 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылып, 2 803 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Созақтың өндірістік әлеуетін арттырып отырған негізгі бағыттың бірі – уран өнеркәсібі. Ауданда еліміздегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі маңызды өндірістік жобалар іске асырылуда.
Солардың қатарында «СП «Буденовское»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің уранды қайта өңдеу кешенінің екінші кезеңі бар. Бұл жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты артып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі. Сонымен қатар «ИНКАЙ» бірлескен кәсіпорны жүзеге асырып жатқан аффинаж зауыты өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптің дамуы жаңа жобалармен де жалғасып келеді. Ауданда алдағы жылдары жалпы құны 1 триллион теңгеге жуық 13 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында күкірт қышқылын өндіретін зауыт, табиғи газ өндіру жобалары, минералды тыңайтқыш шығаратын кәсіпорын және өзге де өндіріс орындары бар. Бұл жобалар іске асқанда мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылып, ауданның өнеркәсіптік әлеуеті айтарлықтай артады. Өндірістің дамуы халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Әрбір жаңа кәсіпорын – жаңа жұмыс орны, тұрақты табыс және жергілікті бюджетке түсетін қосымша кіріс. Сонымен қатар ірі өндірістердің іске қосылуы көлік, қызмет көрсету, құрылыс, логистика сияқты қосымша салалардың дамуына да серпін береді.
Созақ ауданында өндірістік жобалармен қатар еңбек нарығын дамытуға да басымдық берілуде. Инвестициялық жобалар аясында жұмыссыз азаматтарды жаңа өндірістерге орналастыру бағытында меморандумдар жасалып, жергілікті кадрларды жұмыспен қамту жұмыстары күшейтілуде. Бүгінде Созақ ауданы табиғи ресурстарға ғана сүйенетін өңір емес, инвестиция мен өндіріс тоғысқан, жаңа кәсіпорындар бой көтеріп жатқан индустриялық аймақ ретінде қалыптасып келеді. Өнеркәсіп саласына тартылған инвестициялар аудан экономикасының тұрақты өсіміне негіз болып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуын арттыруда.
Өндіріс дамыған жерде жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Ал жаңа мүмкіндіктер – халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың, жастарды тұрақты жұмыспен қамтудың және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты кепілі. Сондықтан Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, ауданның ұзақ мерзімді әлеуметтік дамуына да берік негіз қалайды.
