Соңғы жылдары Түркістан облысының Созақ ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға серпін беріп отыр. Экономиканың негізгі көрсеткіштеріндегі тұрақты өсім ауданның инвестициялық әлеуетінің жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын аңғартады.
Бүгінде Сузақ ауданы инвесторлар үшін өндірістік мүмкіндігі жоғары, инженерлік әлеуеті қалыптасқан өңірлердің біріне айналуда. Жалпы өңірлік өнім көлемінің бір триллион теңгеден асуы – аудан экономикасының тұрақты дамуының нақты көрсеткіші. Бұл нәтижеге өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларының өзара сабақтастығы арқылы қол жеткізілді.
Инвестиция тартуда инженерлік инфрақұрылымның маңызы ерекше. Осы бағытта ауданда ауқымды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Соның бірі – автоматтандырылған газ тарату стансасы мен магистральдық газ құбырының пайдалануға берілуі. Бұл жоба мыңдаған тұрғынды табиғи газбен қамтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырды. Қазіргі уақытта өзге елді мекендерді газдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр.
Инвестор үшін сапалы инженерлік желі, қолжетімді жол және тұрақты коммуналдық жүйе маңызды фактор саналады. Осы талаптарды ескере отырып, Созақ ауданында ауыз су, электр энергиясы, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Орталықтандырылған ауыз су жүйелері жаңартылып, бірқатар ауыл тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар өндіріс орындарын орналастыруға да, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға да оң әсерін тигізіп отыр.
Көлік инфрақұрылымын дамыту да ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырған негізгі бағыттардың бірі. Соңғы жылдары ондаған шақырым автомобиль жолдары жөнделіп, ішкі көшелерге жаңа асфальт төселді. Елді мекендердің көлік қатынасының жақсаруы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтті.
Экономикалық өсімнің маңызды драйвері – ауыл шаруашылығы. Созақ ауданында су үнемдеу технологиялары енгізіліп, ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылуда. Егіншілік пен мал шаруашылығына салынған инвестициялар өнім көлемін арттырумен қатар, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге мүмкіндік беруде. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін күшейтуде.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да инвестициялық саясаттың маңызды бөлігіне айналған. Ауданда жаңа тұрғын үйлер, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандары пайдалануға беріліп келеді. Заманауи спорт кешендері, мәдениет үйлері мен қоғамдық кеңістіктердің салынуы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, ауданның әлеуметтік тартымдылығын арттырды.
Сонымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында коммуналдық техникалар жаңартылып, көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Мыңдаған көшет отырғызылып, жасыл белдеулер ұлғаюда. Бұл экологиялық тұрақтылықты сақтауға және елді мекендердің көркін жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Бүгінде Созақ ауданы инвестиция тарту, өндірісті дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың тиімді үйлесуі нәтижесінде аудан жаңа өндірістерді қабылдауға дайын, инженерлік мүмкіндігі қалыптасқан әрі тұрақты экономикалық өсімге негізделген өңір ретінде қалыптасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, Созақтың өңірлік дамудағы орны мен инвестициялық әлеуетін одан әрі күшейте түспек.
