Созақ ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді. Соның жарқын көрінісінің бірі – Шолаққорған ауылындағы «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту жобасының толық аяқталуы. Бұл нысан аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналады.
Жоба аясында екі шағынауданды қамтитын заманауи су жүйесі салынып, бүгінде 5600 тұрғын мен 1111 абоненттің таза ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Құрылыс жұмыстарын «QAZ STROY EVEREST» ЖШС жүзеге асырды. Нысанның жалпы құны 1 миллиард 547 миллион 373 мың теңгені құрап, су құбырының жалпы ұзындығы 93,917 шақырымға жетті. Құрылыс 2022 жылдың қараша айында басталып, толық аяқталғаннан кейін жеке тұрғын үйлерді жүйеге қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Облыс әкімінің Созақ ауданына жұмыс сапары барысында дәл осы нысан арнайы араланып, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асып жатқаны атап өтілді. Су инфрақұрылымын дамыту тек жаңа құбыр тартумен ғана шектелмей, тұрғындарды ұзақ мерзімді әрі тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстарды қамтып отыр.
Бұл жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – жаңа тұрғын аудандардың дамуымен қатар жүзеге асуы. Шолаққорғанда кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді қатар дамыту тәжірибесі қалыптасып келеді. Соның арқасында жаңа мөлтек аудандар заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасы қалыптасуда.
Созақ ауданында ауыз су саласына басымдық беру алдағы кезеңде де жалғасады. Шолаққорғандағы табысты жоба ауданның басқа елді мекендерінде іске асырылып жатқан жұмыстардың да тиімді жүзеге асуына негіз болып отыр.
