Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі артып келеді. Мәселен, өткен жылы өндірілген өнімнің жалпы құны 3,2 млрд теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш едәуір артып, 12,5 миллиард теңгеге жеткен.
Шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында Мақтаарал ауданында ағымдағы жылы жалпы көлемі 6,7 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 191 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделуде. Жобаның бірі — Турция елімен бірлесіп жүзеге асырылатын жіп шығаратын фабриканың құрылысы. «Tulpar Texstill» ЖШС-не қарасты өндіріс орны 2020-2021 жылы іске асады. Жоба жылына 6 600 тонна жіп өндіре алады және 143 адамды жұмыспен қамтиды. Бұдан өзге, Германия елімен бірлесіп, жеміс-жидектерді және бақша дақылдарын кептіру және жеміс-жидек мармеладтарын өндіру жобасын 2020-2021 жылдары іске асыру жоспарланған.
Ауданда 10 536 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның басым көпшілігі «Ырыс»шағын несие ұйымынан, «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Жетісай несие» және «Агро Несие Корпорациясы» АҚ ұйымдарынан соңғы 9 айдың өзінде жеңілдетілген пайызбен 550 миллион теңгеден астам қаражат алған. Сонымен қатар, аймақта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 3000-нан астам азаматқа тегін кеңес беріліп, сервистік қызметтер көрсетілген. Сондай-ақ, азаматтардың кәсіптік сауатын арттыру үшін «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 299 азамат арнайы білім алды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікір қалдыру