Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалаға айналғалы жан-жақты өсімнің қарқыны байқалады. Мегаполисте шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 50 пайыздан асты. Бұл өсім жыл сайын жоғарылап, қаланың дамуына үлкен әсер етуде. Шымкентке шетелдік инвестиция тартылып, соның арқасында жабылып қалған өндіріс ошақтары қайта іске қосылып, елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа кәсіпорындар пайда болды. Соның нәтижесінде қаншама жұмыс орындары ашылып, халықтың күнкөріс деңгейі артты. Ең бастысы, Шымкент Қазақстанның тек мәдени-тарихи қаласы ғана емес, сонымен қатар өндірістік орталықтарының біріне айналды. Тәуелсіздіктің отыз жылдық бедерінде мегаполисте бірнеше өндірістік салалар шаһардың экономикалық қозғаушы күшіне айналды. Олардың қатарына химия, фармацевтика, агроөндірістік кешен, қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі тағы да басқа салаларды жатқызуға болады. Осы аталған салаларда өнім өндірген кәсіпорындардың тауары ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспортталып, солардан түскен салық және басқа да табыстар халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына зор септігін тигізді. Әсіресе, Шымкент қаласының бюджеті еселеп өсті.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Шымкентте тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 129 600-ге жеткен. Оның ішінде 20 800-і заңды тұлғалар болса, 102 900-і жеке тұлғалар. Ал, қалған 5 800-і – шаруа қожалықтары. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,4 пайызға артып, 129,6 мыңға жетіп отыр.
Кәсіпкерлердің саны ғана емес, бұл секторда жұмыс істейтін адамдар мен өндірілген өнім көлемі де артып келеді. Шағын және орта бизнес секторында 213 мың 700 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,8 пайызға артып отыр.
Осы секторда өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің жиынтық құны 517 млрд 800 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 36,9 пайызға жоғары болып отыр.
Айта кетейік, қаңтар-наурыз айлары аралығында шағын және орта кәсіпкерлік секторының жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50,3 пайызды құраған.
Пікір қалдыру