ЕЛДІҢ ТАЛАБЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ӨТІНІШІ — БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен есептік кездесуден кейін көтерілген мәселелер бойынша «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына арнайы барды.  Қала тұрғыны М. Төлегенова жыл сайын халық саны артып жатқан елдімекендегі мектеп тапшылығы мәселесін жеткізді.

Бүгінде № 95 жалпы орта мектепте 535 оқушы білім алуда. Оқу ордасының ғимараты ескі болғандықтан, орнына жаңа мектеп салу жоспарланған. Қала әкімі аталған нысанды аралап, халықтың ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар бұл білім ошағының іргетасы мен қабырғасы сапалы екенін алға тартып, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтты.

Халықтың талабын ескерген қала әкімі Білім басқармасының басшысына мектепке қатысты тиісті сараптамалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, осы бағытта арнайы комиссия құруды тапсырды. Дегенмен оқушы саны артып отырған тұрғын алапқа қосымша жаңа мектеп қажет. Бұл ретте жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Самал-3 шағынауданы тұрғындары Шұбаркөл, Ізенді, Юсупов көшелерін асфальттау бойынша мәселелер көтерді. Халық жауын-шашын кезінде болатын су басу қаупіне де жауаптылардың назарын аударды.

Мегаполис әкімі тиісті басқарма басшыларына өзекті мәселенің барлығын назарға алып, шұғыл тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жалпы Шымкент қаласына қарасты Абай ауданында шешілмеген түйінді мәселелермен тұрғындар жиі өтініш жасайды. Шахар басшысының айтуынша айтылған талап-тілектер арқылы қаламыздың кейбір түйіткілі шешіледі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*