ӘКІМНІҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің «Көрме» орталығында кезекті бірыңғай қабылдау күні өтіп жатыр.
 Қала тұрғындарын қабылдау күнінде 200-ге жуық азамат өтініш білдірген.

Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер тұрғын үй, жер телімін заңдастыру, жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек және т.б. қатысты. Мәселелерге заң шеңберінде, тиісті сала мамандарының талқылауымен, жан-жақты шешім жолдары қаралды. Хаттамаға енгізілгендердің кейбірі шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде.

Тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру секілді мәселелердің тек заң аясында және кезегімен шешілетіні тұрғындарға тағы да түсіндіріліп өтті. Қабылдауға келген 200-ден астам тұрғынның 130-на жуығын қабылдаған шаһар басшысы, осындай жүзбе-жүз кездесулер ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өкілетті орган жұмыстарын халық көзімен бағалауға мүмкіндік беруде екенін атап өтті.

Айта кетейік, былтырғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде.  Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді.

 Сондай-ақ әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және тиісті мамандар да тұрғындардың мәселелерін тыңдауда.
 Қабылдауда қала әкімі халықтың ұсыныс-тілегін ескеріп, өтініш білдірген тұрғынның бәрін қабылдайтынын жеткізді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*