Шымкенттік кәсіпкерлер тасқыннан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болып, тұрғындармен жүздесті. Сапар мерекемен тұспа-тұс келгендіктен қалалық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Молдасеитов пен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабиштаев бастаған делегация Өргебас ауылының ақсақалдарын Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Кәсіпкерлер тұрғындарға қаржылай және гуманитарлық көмек көрсетті.
«Отау Групп» ЖШС президенті Қайрат Молдасеитов Өргебас ауылының тұрғындарын қолдауға 12 миллион теңге бөлді.
«Бал Текстиль» ЖШС-нің директоры Талғат Исхақов 6 миллион теңгеге 400 дана кілемін жеткізсе, «AGF Group» тоқыма фабрикасының басшысы Гаухар Насырова 40 комплект төсек-орын сыйлады.
«VIZiT» зауытының директоры Вилким Злавдинов 500 мың теңгеге сусындар жіберді.
Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Алма Архабаева бастаған іскер әйелдер азық-түлік, киім-кешек, гигиена құралдары мен қажетті заттар, соның ішінде балаларға арналған гуманитарлық көмек жөнелтті. Ал «Карлскрон» ЖШС директоры Уәлихан Ахметов пен «Мега Смарттан» Сергей Хегай жүктерді тасымалдау үшін жүк көліктерімен қамтамасыз етті.
Хадиша Алжанова төрағалық ететін «Даму» фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығы, Рустам Сухов басқаратын «Еврокристалл» әйнек зауыты және «Телеком Сауда» ЖШС директоры Нұржан Мамытов та көмектерін жіберді.
— Бұл оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Шымкент қаласының бизнес қауымдастығы Мақтаарал ауданында қайғылы оқиға болған сәттен көмектесуді қолға алды. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы зардап шеккендердің қорына қаражат аударды. Кәсіпкерлеріміз қолма-қол ақша, азық-түлік және негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етуді жалғастыруда, — деп атап өтті Өргебас ауылында өткен кездесуде Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру