АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАЛДЫ

Шаһарда қала әкімдігі тарапынан спорт саласына әрдайым қолдау көрсетілуде. Осындай қолдаудың нәтижесінде шымкенттік спортшылар Жазғы Азия ойындарында жарқын жеңіске жетті.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ханчжоу-2022 ХІХ жазғы Азия Ойындарының жеңімпаздарымен кездесті. Халықаралық жарысқа қаламыздан спорттың 23 түрінен 66 спортшы қатысты. Айта кетейік, жергілікті спортшылар Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан бері Азия Ойындарына алғаш рет қатысып, 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальға ие болды.
 «Мемлекет басшысы елімізде спорттың дамуына айрықша назар аударып отыр. Мінекей, осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесінде жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Кезекті Жазғы Азия ойындарында сіздер намысты қолдан бермей, биік белестерді бағындыруға деген құлшыныстарыңызды көрсеттіңіздер. Бұл ретте бапкерлердің еңбегі ерен. Сіздердің жеңістеріңізге бүкіл ел куә болды. Мұны біз мақтанышпен айта аламыз. Дегенмен, әлі де тоқтап қалмауымыз керек. 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада Ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қыруар еңбек қажет. Мемлекет басшысы спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуына тоқталып, бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісін жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналдыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді. Осы ретте қаламызда бұқаралық спорт пен кәсіби спортты дамытуда кешенді шаралар қолға алынды», — деді қала әкімі.
Бірінші орын жүлдегерлеріне қала әкімінің Алғыс хаты мен демеушілер есебінен 1 млн теңгенің сертификаты табысталса, екінші орынға 700 мың, үшінші орын иегерлеріне 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
 Сондай-ақ қала басшысы спортшыларды дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларды да марапаттады.
Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда рет қатысты. Жергілікті спортшылар Олимпиада Ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін түрлі халықаралық жарыстарда бақ сынайтын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*