Шымкент қаласында тұратын этнос жастары «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты байқауда бақ сынасты. Қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыс 25 қазан – Республика күніне орайластырылған.
– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Бұл байқауға қаламыздағы әртүрлі мекемелерде қызмет атқарып жатқан 18-35 жас аралығындағы жастар қатысып жатыр. Байқауға қатысушылар тарапынан осы жылдың 9 қазанына дейін мекемеміздің электрон поштасына 16 өтінім түскен болатын. Үміткерлердің 10-ы байқау талабына сай келгендіктен, қатысушы ретінде қабылданды. Қазір өтінімі мақұлданған жастар өзара сайысқа түсіп жатыр, –деді қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашында қатысушылар өз өнерін паш етсе, екіншісі – «Сөздің көркі» деп аталатын кезеңде Отан, елге қызмет тақырыбында мақал-мәтел айтудан жарысты. Одан кейін үміткерлер берілген тақырып төңірегінде толғанды. Яғни, ұяшықтардың бірін таңдап, туған жер, салт-дәстүр, қазақ халқының белгілі тұлғалары жөнінде сөйлем құрайды. Ал, қазылар алқасы әр кезең бойынша қатысушының тіл тазалығы, сахна мәдениеті, берілген тақырыпты ашуы және берілген тапсырманың орындалуына қарай бағалап отырды.
– Өзім азербайжан ұлтының қызымын. Мемлекеттік тілді ұлықтайтын байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Бес жылдан бері қаламыздағы №116 мектепте орыс тіліндегі мектеп алды даярлық тобына сабақ беріп келемін. Орыс тілінде білім алсам да, қазақ тілін бір кісідей біліп, еркін сөйлеймін. Сайыста сахнаға шыққанда аздап қобалжу болды. Дегенмен жеңіп шығу үшін барымды саламын, – дейді қатысушы Махпуля Ахметова.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Наргиза Сайдуллаева иеленсе, І орынды Насиба Султанова қанжығалады. Ал ІІ орыннан Мафтуна Абдиваитова және Камола Нурметова көрінсе, ІІІ орынға Дмитрий Шпенглер, Гүлханым Тұрсынова және Махпуля Ахмедова лайық деп танылды.
Пікір қалдыру