АСЫҚ АТУ – ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ: ШЫМКЕНТТЕ «RESPUBLICA ASYQ ATU» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

Республика күні мерекесіне орай Шымкент қаласы ұлттық спорт пен рухани бірліктің орталығына айналды. Осы күндері үшінші мегаполисте көне қазақ дәстүрінен бастау алған ұлттық спорт түрі – асық ату бойынша еліміздегі ең ірі жарыс – екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирінің финалы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Биылғы додада Қазақстанның барлық өңірінен іріктелген 40 үздік спортшы бақ сынады. Ұлттық спорттың қадір-қасиетін айқындаған бұл турнир қатысушыларды ғана емес, мыңдаған көрермен мен құрметті қонақтарды біріктіріп, шынайы ұлттық рух пен бірліктің мерекесіне айналды.

Финалдық ойындармен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен өткізілген шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен бұл іс-шаралар жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды.

Турнирдің ашылу салтанатында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Асық ату федерациясының президенті Олжас Құспеков сөз сөйлеп, ұлттық спорттың ел болашағындағы орнына тоқталды:

«Бүгін асық ойыны арқылы біз өз түп-тамырымызға, халқымыздың рухани коды мен дәстүріне қайта оралып отырмыз. Асық ату – барлық ұлттық спорт түрлерінің бастауы, оның тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бұл ойын халқымыздың тұрмысымен, тәрбиесімен және өмір салтымен тығыз байланысты. Бүгінгі турнир – ұлттық спорттың халықтық құндылық екенін дәлелдеп отыр. Біз асық атуды тек дәстүр ретінде емес, қоғамды біріктіретін заманауи мәдени құбылыс ретінде дамытуымыз қажет. Өйткені ұлттық спорт – жай ғана тренд емес, ол ұлттың болмысы, рухы мен патриотизмі», – деді Олжас Құспеков.

Көпшілік асыға күткен финалдық ойын ерекше тартысқа толы болды. Қорытынды бойынша Ақтөбе облысының спортшысы Құлыбек Ғарышбек турнир жеңімпазы атанды. Оған қазақстандық автокөлік компаниясы шығарған жеңіл автокөлік сыйға берілді.

Екінші орынды Түркістан облысының өкілі Әбілхан Талғар иеленіп, 1 миллион теңге көлемінде жүлде алды. Үшінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген Сламқұл Бақдәулетке бұйырып, ол 500 мың теңгемен марапатталды. Ал AMANAT партиясының арнайы 300 мың теңгелік сыйлығы Павлодар облысының спортшысы Жаздықбай Керімге табысталды.

Жартылай финалдар мен шешуші ойындар қатысушылардың жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын дәлелдеді.

Шымкенттің турнирді қабылдауы да кездейсоқ емес. Өткен жылы дәл осы қалада өткен бірінші республикалық жарыста шымкенттік спортшылар үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сондықтан 2025 жылы Шымкент «Respublica Asyq Atu» турнирінің астанасы ретінде таңдалды. Бұл шешім мегаполистің ұлттық спорттың дамуына қосқан елеулі үлесін паш етті.

Биылғы турнир тек жарыс қана емес, ұлттық мұра мен заманауи спорттың тоғысқан тұсы болды. Асық ату шеберлерінің өнері мен тартысты ойындары көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, ұлттық дәстүр мен спорттың жаңаша тынысын көрсетті.

Шымкенттегі «Respublica Asyq Atu» турнирі ұлттық ойынның қоғамдағы орнын нығайтып, оны жаңа деңгейге көтерді. Бұл дода ұлттың рухани тамырын сақтап, ұрпақтар арасындағы байланысты бекемдейтін маңызды мәдени оқиға ретінде тарихта қалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*