«ЖАРЫҚ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ ҚАШАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ?

Шымкент қаласы Бозарық елдімекені бүгінде территориялық ауқымына қарай екіге бөлінеді. Яғни Бозарық шағын ауданы және саяжайы. Қаланың жаңа құрылымдық жоспарына сай қазір Бозарық шағын ауданы Абай ауданына қарасты болып белгіленген, ал Бозарық саяжайы Қаратау ауданының аумағында.
Жалпы Бозарық елдімекені қаланың динамикалық даму бағытында орналасқандықтан мұнда маңызды нысандар соңғы жылдары көптеп салынуда.
Қала әкімі жауаптылармен бірге Бозарық шағын ауданындағы «Жарық» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысып, бірқатар өзекті мәселенің шешімін қарастырды. Бұл аумақта 5 қабатты 3 тұрғын үй салынған. Алайда жер телімінің құжаттарына байланысты инфрақұрылым жүйелері тартылмай отыр. Жол мәселесі де өзекті.
Осындай түйткілді мәселелерді ескерген қала әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысына тұрғын үй кешенінің жер телімін заңдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ үйлерді табиғи газбен, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамту бойынша Энергетика және инфрақұрылымыды дамыту басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл аралықта Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері шағал тас төсеу жұмыстарын ұйымдастыруға кіріседі.
Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында берілген тапсырмаларды орындауға нақты мерзімдер бекітілді. Тұрғын үй кешенін жыл соңына дейін тиісті азаматтарға тапсыру жоспарлануда.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*