ТҮРКІСТАН – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

Түркістан қаласы – ғасырлар бойы бейбітшілік, рухани келісім мен татулықтың символы болып келген қасиетті мекен. Бүгінде бұл ұстаным Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясаттағы бейбіт бағыттарымен үндесіп, нақты істер арқылы көрініс тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумда анайы сөз алды. Ол өз сөзінде  жаһандық қауіпсіздік, келіссөздер мәдениеті, халықаралық сенім мен өзара түсіністіктің маңызын ерекше атап өтті. Президент бейбітшілікті сақтау тек мемлекеттердің емес, бүкіл адамзаттың ортақ жауапкершілігі екенін айқын жеткізді.

Президент өз сөзінде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалауды, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін күшейтуді қолдайтынын айтты. Сондай-ақ Украинадағы қақтығысты келіссөздер арқылы реттеуді, Таяу Шығыстағы келісімдерге қол қойылуын құптайтынын білдірді. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы да аймақтағы тұрақтылыққа үлес қосу ниетінен туындағанын атап өтті. Егемен Палестина мемлекетін құруды қолдау, Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт декларацияны тарихи шешім деп бағалау – еліміздің бейбітшіл сыртқы саясатының айқын көрінісі. Сонымен қатар Ауғанстанға гуманитарлық қолдауды жалғастыру қажеттігін айтып, Алматыдағы БҰҰ өңірлік орталығының маңызын атап өтті. Астанада өткен VIII Съезде көтерілген «Бейбітшілік қозғалысы» бастамасы да қантөгісті тоқтатуға үндеген маңызды қадам болды.

Осы жаһандық бастамалар Түркістан қаласында нақты мазмұнмен толықтырылуда. Қалада бейбітшілік пен татулықты нығайтуға бағытталған қоғамдық келісім, этносаралық бірлік, дінаралық түсіністікті дамыту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Түркістан – түрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан өңір ретінде жастарды бейбіт өмір құндылықтарына тәрбиелеуге ерекше мән береді. Білім беру ұйымдарында, мәдени-рухани орталықтарда, халықаралық форумдар мен кездесулерде бейбітшілік, келісім және өзара сыйластық идеялары кеңінен насихатталады.

Мемлекет басшысы көтерген экологиялық қауіпсіздік пен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де Түркістан үшін өзекті. Қалада су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, жасыл аймақтарды көбейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Арал мен Каспий теңіздеріне қатысты экологиялық проблемаларға назар аудару, БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсыныс Түркістан өңіріндегі табиғи ресурстарды сақтау ісімен үндеседі.

Бейбітшілік пен тұрақтылық экономикалық даму үшін де маңызды. Президент атап өткен 6 пайыздан асқан экономикалық өсім, транзиттік әлеуетті арттыру, көлік-логистикалық бағыттарды дамыту жұмыстары Түркістанда да жүзеге асуда. Қала өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды орталығына айналып келеді.

Түркістан қаласы Мемлекет басшысы ұсынған бейбітшілік, сенім мен татулық қағидаттарын жергілікті деңгейде іске асырып, ел бірлігін нығайтуға, тұрақты дамуға және болашақ ұрпақ үшін бейбіт қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*