Түркістан қаласында патриоттық рух пен мемлекеттік рәміздерді қастерлеу тек ресми іс-шаралармен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өмірінде де айқын көрініс табуда. Қала орталығында орналасқан азық-түлік дүкенінің 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ерекше безендірілуі соның жарқын мысалы. Таңертең басталған безендіру жұмыстары кешке дейін жалғасып, дүкен іші мен сырты мемлекеттік рәміздер түстерімен, ұлттық нақыштағы элементтермен сәнделген. Бұл бастама келген әрбір тұтынушыға мерекелік көңіл күй сыйлап, елдік рухты сезіндіруді мақсат еткен.
Кәсіпкер Дархан Сраждиновтың айтуынша, дүкенді безендірудегі басты ой – тұтынушылардың мерекелік атмосфераны сезінуі және Тәуелсіздік күнінің маңызын терең түсінуі. «Қазір алушылар дүкенді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Бұл – патриоттық сезімнің, елге деген сүйіспеншіліктің белгісі», – дейді ол. Шағын кәсіп иесінің бұл әрекеті мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әр азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінен басталатынын көрсетеді.
Түркістан – тарихы терең, рухани мәні зор қала. Мұнда патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік рәміздерге арналған акциялар, салтанатты жиындар, жастарға бағытталған тәрбиелік шаралар қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Көк Ту, Елтаңба мен Әнұранды құрметтеу – Түркістан жұртшылығы үшін тек заң талабы емес, рухани ұстаным.
Қалада мерекелік күндері мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың мемлекеттік рәміздермен безендірілуі дәстүрге айналуда. Бұл бір жағынан ел бірлігін нығайтса, екінші жағынан жас ұрпақтың санасына патриоттық құндылықтарды сіңіреді. Осындай қарапайым, бірақ мағыналы істер арқылы тұрғындар Отанға деген құрметін білдіріп, қоғамда жағымды орта қалыптастырады.
Түркістандағы патриоттық бастамалардың ерекшелігі – олардың шынайылығында. Бұл жерде патриоттық ұран емес, нақты іс алдыңғы орынға шығады. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлері мемлекеттік мерекелерді жоғары деңгейде атап өтіп, ұлттық рәміздерге құрмет көрсетуді өздерінің азаматтық борышы санайды. Әсіресе Тәуелсіздік күні сынды маңызды мерекелерде қаланың келбеті мүлде өзгеріп, біртұтас елдік рух сезіледі.
Түркістан қаласында мемлекеттік рәміздерді қастерлеу мен патриоттық сезімді қалыптастыру қоғамның барлық саласында көрініс табуда. Қарапайым дүкеннің мерекелік безендірілуінен бастап, ауқымды қалалық іс-шараларға дейінгі әрбір қадам елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған. Бұл – Түркістанның бүгінгі келбеті мен болашаққа деген сенімді қадамы.
Пікір қалдыру