ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ СУ ДИПЛОМАТИЯСЫН ДАМЫТУҒА БАСТАМА КӨТЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық алаңда жаһандық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Президенттің пікірінше, су ресурстары төңірегіндегі түйткілдерді тиімді шешу мемлекеттер арасындағы өзара сенімге, тығыз ынтымақтастық пен ортақ жауапкершілікке тікелей байланысты. Су – тек табиғи ресурс емес, ол тұрақты даму мен бейбітшіліктің негізгі факторы екенін Мемлекет басшысы ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта БҰҰ жүйесінде су мәселелерімен тек кешенді түрде айналысатын дербес арнаулы ұйым жоқ. Осы олқылықты жою мақсатында Қазақстан UN-Water ведомствоаралық тетігін толыққанды халықаралық агенттікке немесе ұйымға айналдыру мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл бастама БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына толық сай келеді және су тапшылығы, климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендерді басқару сияқты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге жол ашады. Президенттің айтуынша, мұндай құрылым халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіріп, су саласындағы шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы келесі жылдың сәуір айында Астана қаласында өтетін Аймақтық экологиялық саммит барысында осы бастамаға қатысты халықаралық консультацияларды бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Саммит аясында су ресурстарын әділ әрі орнықты пайдалану, экологиялық қауіпсіздік және аймақтық тұрақтылық мәселелері кеңінен талқыланбақ. Қасым-Жомарт Тоқаев судың өзекті проблемаларын шешу үшін мемлекеттердің ортақ саяси ерік-жігері мен ұзақмерзімді жауапты ұстанымы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ Президент Ашхабадта өткен халықаралық форум аясында мүдделі елдердің серіктестігін нығайту әлемде әділетті әрі теңгерімді тәртіп қалыптастыруға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Қазақстанның бұл бастамалары еліміздің бейбітшіл сыртқы саясатының, жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге дайын екенінің айқын көрінісі. Су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар халықаралық тұрақтылықты нығайтып, болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз әрі орнықты әлем қалыптастыруға қызмет етеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*